Облыс әкімі Асхат Шахаров «Қарғалы» тұрғын алабындағы Песчанка өзені бойында жүргізіліп жатқан жағалауды бекіту жұмыстарының барысымен танысты.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Песчанка өзенінің 800 метр аумағындағы арнасы кеңейтіліп, тереңдетілді, құрғаған ағаштардан тазартылып, жағалауы бекітілді. Жұмыстардың жалпы құны 26,3 млн теңге.
Қала әкімі Азамат Бекет қарды жаппай шығару жұмыстары ұйымдастырылғанын жеткізді. Атап айтқанда, Мәскеу, Қалалық сүт зауыты, Малышка, Шанхай, Құрмыш аудандары мен қаланың ескі бөлігінен қар шығарылуда. Қараша айынан бері арнайы полигонға 364 мың текше метр қар тасымалданған.
Сонымен қатар арықтар мен каналдар қар мен мұздан тазартылуда. Қаладағы еріген және жауын-шашын суларын бұру жүйесі толық ретке келтірілді. Оның жалпы ұзындығы 61,6 шақырымды құрайды, оның ішінде 55 шақырымы – ашық арықтар, 6,6 шақырымы – жабық желілер. Барлық 45 дренаждық-жинақтау құдығы мен 5 сорғы станциясы жұмысқа дайын.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 639 млн теңге қарастырылған. Оның жартысынан астамы тікелей су тасқынына қарсы жұмыстарға, ал қалған бөлігі еріген және жауын-шашын суларын жыл бойы сорып шығаруға бағытталған. Биыл 120 ассенизаторлық көлік, екі жылжымалы сорғы станциясы, мотопомпалар және арнайы техника жұмылдырылмақ. Сондай-ақ 10 мың текше метр инертті материал мен 15 мың қап дайындалған.
Конкурс қорытындысы бойынша мұз жару жұмыстарын жүргізетін мердігер ретінде QazTechEngineeringGroup компаниясы анықталды. Жұмыстар Елек өзенінің екі учаскесінде жүргізіледі.
Су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасуда және өңір басшылығының тұрақты бақылауында.
«Су тасқынына дайындық бойынша барлық жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Өзен жағалаулары бекітілді, арықтар мен каналдар тазартылды, техника жұмысқа дайын. Көктемгі су тасқыны облыс орталығы тұрғындары үшін қиындықсыз өтуі үшін жағдайды тұрақты бақылауда ұстаймыз», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1171833?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау