Тау-кен өндіру саласының бұрынғы қызметкерлерінің денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу және өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулар салдарынан еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан адамдарға төлемдер жасау тәртібіне қатысты үндеуі әлеуметтік желілерде жарияланды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды.
Ең алдымен қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің жауапкершілігі сақталатынын атап өту керек. Жоғалтылған жалақыны өтеу құқығы да жойылған жоқ. Жазатайым оқиғалардан жұмыскерлерді міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс жасайды.
2015 жылы азаматтық заңнамаға енгізілген өзгерістер зардап шеккендерді әлеуметтік қолдау алу қүқығынан айырған жоқ. Қолданыстағы зейнетақы жүйесін ескере отырып, төлемдерді есептеу және жүзеге асыру тетігі түзетілді.
Қазіргі уақытта жоғалтылған жалақыны өтеу мөлшері Азаматтық кодекстің 938-бабына сәйкес қызметкердің жарақат алғанға дейінгі нақты орташа табысы мен еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесі негізінде айқындалады. Төлемдер зейнет жасына дейін жүргізіледі. Өтемақы сомасынан міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, азаматтың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына аударылады. Қарапайым тілмен айтқанда, азамат өтемақы алып жүрген кезеңде оның жеке зейнетақы шотында қаражат жинақтала береді. Зейнетке шыққаннан кейін ол осы жинақтардың есебінен қалыптасқан төлемдерді алады.
2015 жылы тиісті кәсіптегі қызметкерлердің жалақысы көтерілген кезде зиянды өтеуді автоматты түрде қайта есептеу туралы норманы алып тастауға келетін болсақ, бұрын өтемақы мөлшері жұмыс берушідегі ұқсас лауазым бойынша жалақының кейінгі өсуіне байланысты болған.
Бұрын қолданыста болған норма өтемақы мөлшерін жұмыс берушідегі сол лауазым бойынша жалақының кейінгі өсуімен байланыстыратын. Бұл төлемдердің тек зардап шеккен адамның жоғалтқан табысына ғана емес, сонымен қатар кәсіпорындағы еңбекақы деңгейінің болашақтағы өзгерістеріне де тәуелді болғанын білдірді.
2015 жылдан бастап заңнамада өтемақыны денсаулыққа зиян келтірілгенге дейінгі нақты жалақы негізінде айқындау қағидаты бекітілді. Бұл тәсіл азаматтық құқықтың жалпы қағидатына сәйкес келеді: зиянды өтеу нақты жоғалтылған табыстың орнын толтыруға тиіс, ал еңбек нарығындағы немесе жалақы деңгейіндегі ықтимал болашақ өзгерістерді өтеуге бағытталмайды.
Аталған норманың алынып тасталуы құқықтық айқындық пен есептеудің бірізділігін қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл жұмыс берушіні жауапкершіліктен босатпайды және зардап шеккен азаматтарды қорғау деңгейін төмендетпейді, алайда есептеу тетігін объективті негізде бекітеді.
Министрлік өндірісте денсаулығынан айырылған азаматтарды әділ әрі жеткілікті қамтамасыз ету мәселесінің айрықша әлеуметтік маңызын алға қояды. Бұл ауыр және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп жүріп жарақат алған адамдарға қатысты.
Қазіргі уақытта Парламентте кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттарға байланысты зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жүйесін қосымша жетілдіру жөніндегі бастамалар қаралуда. Барлық ұсыныстар жүйенің қаржылық тұрақтылығын және нақты, орындалатын кепілдіктерді қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып талдануда.
Министрлік диалогқа ашық және теңгерімді шешімдерді іздеу жұмысын жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1171805?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау