№1 индустриялық паркте орналасқан өндірістік-инновациялық ASTANA UTARIA зауытында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кезекті кездесу өтті. Кәсіпорын заманауи арнайы киім өндірумен айналысады.
Кездесу мазмұнды әрі ашық форматта өтті. Жас әрі белсенді ұжым цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және цифрлық ортадағы азаматтардың құқықтары мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты. Ал өндіріс басшылығын бизнесті қолдау, өнеркәсіпті дамыту, экспортты ілгерілету және жаңартылған Конституция аясындағы кәсіпкерлерге арналған мүмкіндіктер толғандырды.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі Динара Тайбасарқызы Садвакасова қатысып, жаңа Конституция жобасының мәнін түсінікті әрі жүйелі түрде баяндады. Ол еңбек, демалыс және әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі кепілдіктерді айқындайтын 27-бапқа ерекше тоқталды. Бұл мәселенің зауыт қызметкерлері үшін аса өзекті екені атап өтілді.
Сондай-ақ Астана қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы жастар қанатының жетекшісі Арсланбек Талғатұлы Мағзұм қоғам дамуының өзекті мәселелері мен конституциялық реформаларды іске асырудағы жастардың рөлі туралы пікір білдірді.
Өнеркәсіп, арнайы экономикалық аймақ және экспортты дамыту бөлімінің басшысы Айдын Киылымбеков кәсіпорын басшылығы мен ұжымына өндірісті қолдау тетіктері, экспорттық мүмкіндіктер және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде нақты ақпарат ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық өзгерістердің өндіріс саласының дамуына және кәсіпкерлік ортаның нығаюына оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1173111?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау