Спортшы полицейлер жас сақшыларға шеберлік сабағын өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» сыныптарының оқушыларына арналған дене шынықтыру бойынша мазмұнды әрі тағылымды шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны полиция қызметкерлері ұйымдастырды.
Кездесуге джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Есет Байғараев және жекпе-жек бойынша спорт шеберлігіне үміткер Саттархан Ирсимбетов қатысты. Екі спортшы да халықаралық деңгейде жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, кәсіби спорт пен ішкі істер органдарындағы қызметін қатар алып жүрген полицейлер.
Шеберлік сабағы барысында оқушыларға күрес тәсілдері, өзін-өзі қорғау әдістері, сондай-ақ күш, төзімділік және ептілікті дамытуға арналған арнайы жаттығулар көрсетілді. Жас сақшылар көрсетілімдерді тамашалап қана қоймай, тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен кейбір әдістерді өздері де орындап көрді.
Кездесу барысында тәртіп, моральдық тұрақтылық және мінездің беріктігі секілді қасиеттерге ерекше мән берілді. Ашық диалог форматында оқушылар қызмет жолы, спорттағы жетістікке жету қырлары және полиция мамандығын таңдау туралы сұрақтарына толыққанды жауаптар алды.
Аталған шара болашақ тәртіп сақшылары үшін жаттығу ғана емес, батылдық пен табандылыққа баулитын, елге адал қызмет етудің маңызын ұғындырған тағылымды кездесу болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-shymkent/press/news/details/1173024?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version