Астана қаласы Полиция департаменті Байқоңыр ауданы Полиция басқармасы штаб бөлімінің инспекторы полиция лейтенанты Аружан Нұржанқызы Қауасбек – тағдырын тәртіп пен заң үстемдігіне арнаған жас офицерлердің жарқын өкілі.
Оның полиция формасын таңдауы – кездейсоқ шешім емес. Бұл – жүрек таңдауы, бұл – әке аманаты.
Аружанның әкесі де ішкі істер органдарында абыроймен қызмет атқарған. Ол 2007 жылы қызмет бабында қаза тауып, соңына өшпес өнеге мен ерлік рухын қалдырды. Әкесінің иығындағы погон, Отанға адал қызметі, әділдік жолындағы табандылығы – кішкентай Аружанның жадында мәңгі сақталды. Әке бейнесі оның өмірлік бағдаршамына айналды.
Сол себепті мектеп қабырғасынан бастап-ақ ол болашағын полиция қызметімен байланыстырды. Бүгінде Аружан штаб бөлімінде жауапты қызмет атқарады. Штаб – басқарманың жүрегі іспетті. Мұнда тәртіп, дәлдік пен жеделдік басты орында. Әр құжат, әр тапсырма, әр ұйымдастыру шарасы – үлкен жауапкершілік. Аружан өзіне жүктелген міндетті асқан мұқияттылықпен орындайды. Қызметтегі жинақылығы, салмақтылығы мен кәсібилігі оны әріптестері арасында сыйлы етеді.
Қауасбек әулеті – нағыз қызметкер әулет. Бес ағайындының төртеуі полиция қатарында. Бұл – отбасындағы тәрбие мен патриоттық рухтың айқын дәлелі. Әке ерлігі балаларының жүрегінде жалын болып жанып, оларды елге қызмет етуге жетеледі.
Аружан үшін погон – жауапкершілік. Формасы – сенім. Ант – өмірлік ұстаным. Ол қызметті тек міндет деп емес, қоғам алдындағы қасиетті борыш деп қабылдайды. Қарапайымдылығы мен табандылығы үйлескен жас офицер өз ісіне адал, әр күніне есеп беріп, әр тапсырманы жүрекпен орындайды.
Әке рухына деген құрмет, отбасы абыройын сақтау, халық сенімін ақтау – оның басты мақсаты. Осындай жігерлі, отансүйгіш жас қызметкерлер елордалық полицияның болашағын айқындап, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз үлестерін қосуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1173451?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау