Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Ескі Иқан ауылдық округіне қарасты Мәшһүр Жүсіп елді мекеніне арнайы жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауыл халқы көптен бері көтеріп жүрген өзекті мәселелерін жеткізді.
Ауыл тұрғындары тарапынан ең басты мәселе ретінде ауыз су тапшылығы айтылды. Ұзақ уақыт бойы шешімін күткен бұл мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, нақты шаралар қабылданды. Нәтижесінде елді мекенде 705 метр тереңдікте ауыз су ұңғымасы қазылып, бүгінде пайдалануға берілді. Жаңа ұңғыма ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың өзге де ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Халықтың талап-тілегіне құлақ асу – біздің басты міндетіміз. Әрбір мәселе назардан тыс қалмайды», – деді аудан басшысы. Ауыл инфрақұрылымын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1173482?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау