2026 жылғы 3 наурыз күні «Жайық Аренада» «Менің дауысым – Менің Конституциям» атты ауқымды жастар форумы өтті. Аталған іс-шара Жаңа Конституцияны қолдау, оның негізгі қағидаттарын кеңінен түсіндіру және жастардың азаматтық белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Конституция – мемлекеттің берік тірегі, қоғам дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын басты құжат. Ол әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және әділетті қоғам құруға негіз болады. Жаңа Конституция еліміздегі саяси жаңғыру үдерістерінің заңды жалғасы ретінде азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Бүгінгі жастар – елдің ертеңі ғана емес, қазіргі дамудың да белсенді қатысушысы. Сондықтан олардың құқықтық сауаттылығы, қоғамдық жауапкершілігі және ел тағдырына деген бейжай қарамайтын көзқарасы аса маңызды. Форум аясында жастар арасында заңға құрмет, әділдік қағидаттары және белсенді азаматтық ұстаным құндылықтары насихатталды.
Форумға өңірдің белсенді жастары, қоғам қайраткерлері, түрлі сала өкілдері мен пікір көшбасшылары қатысады. Кездесу өзара сенімге негізделген еркін форматта ұйымдастырылып, жас буынның әлеуетін арттыруға бағытталды.
«Менің дауысым – Менің Конституциям» форумы – бұл бірлік пен жауапкершіліктің, жаңару мен даму жолындағы ортақ ұстанымның көрінісі. Жастардың белсенділігі мен азаматтық позициясы – ел болашағының кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/1173980?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау