2026 жылдың 13 ақпан күні Бабайқорған ауылдық Мәдениет үйінде «Қолдау және мүмкіндіктер» акциясы аясында іс-шара ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік, құқықтық және экономикалық қолдаулар туралы кеңінен ақпарат беру, сондай-ақ жұмысқа орналасу және кәсіп бастау мүмкіндіктерін таныстыру.
Іс-шараға аудан тұрғындары, жастар мен студенттер, мемлекеттік мекеме өкілдері, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шараның алғашқы бөлімі фойеде ұйымдастырылды. Мұнда «Мүмкіндігі шексіз» жандардың қолөнер бұйымдары мен грант иегерлерінің өнімдерінен көрме қойылып, қатысушылар олардың еңбектерімен танысты. Сонымен қатар бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, жұмыс іздеушілерге нақты ұсыныстар берілді.
Қонақтарды «Әжелер» ансамблі ұлттық нақышта қарсы алып, жиынның мазмұнын айшықтай түсті. Салтанатты бөлім аудан әкімінің алғыс сөзімен басталды. Сауран ауданының аудан прокуроры Алмаз Асылбеков өз сөзінде акцияның маңыздылығына тоқталып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң аясында көрсетілетін қолдау тетіктері мен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне кеңінен тоқталды.
«Қолдау және мүмкіндіктер» акциясы жай ғана ақпараттық кездесу емес, нақты қолдау мен мүмкіндік алаңы екенін көрсетті. Шара барысында азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде толық мәлімет алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1173480?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау