Абай облысы Полиция департаментінің Жаңасемей аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі, полиция аға лейтенанты Тұрлыханова Лаура Асұланқызы үшін әрбір таң – жаңа жауапкершіліктің бастауы.
Бөлімге кезекті хабарлама түседі: жол-көлік оқиғасы. Бірнеше минут ішінде ол оқиға орнына жетеді. Көзге көрінетін көріністің артында – дәлелдер сөйлейтін кеңістік бар. Тежеу іздерінің ұзындығы, асфальттағы микробөлшектер, көлік құралдарының зақымдану бұрышы, заттардың орналасу тәртібі – барлығы үнсіз ақпарат көзі.
Лаура Асұланқызы үшін бұл жай ғана апат орны емес, нақты деректер жүйесі. Ол фотофиксация жүргізеді, өлшеу құралдарын қолдана отырып сызбалар жасайды, трасологиялық ерекшеліктерді тіркейді. Әрбір миллиметр, әрбір белгі кейін тергеу шешіміне ықпал етуі мүмкін екенін ол жақсы біледі. Сондықтан әрекет – нақты, ой – салқын, шешім – объективті.
Түстен кейін бөлімде жиналған материалдарды талдау басталады. Фото және бейнематериалдарды жүйелеу, хаттамаларды рәсімдеу, сараптамалық қорытындыға негіз болатын деректерді бекіту – бұл көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбек. Құжаттағы бір ғана дәлсіздік істің тағдырына әсер етуі мүмкін.
Қызмет күні кешкі уақытпен шектелмейді. Қажет болса, қайтадан шақырту. Қайтадан оқиға орны. Қайтадан дәлдік.
Кішкентай Абдурахманның күлкісі – күн бойғы шаршауды ұмыттыратын ең үлкен марапат. Оның болашағы үшін, қауіпсіз қоғам үшін атқарылған әр іс – қызметтің шынайы мәні.
Тұрлыханова Лаураның бір күні – бұл тек қызметтік міндеттер жиынтығы емес. Бұл – тәртіп, кәсібилік, табандылық және саналы таңдалған өмірлік жол.
Бір кездері арман болған мамандық бүгінде – нақты іске, ал күнделікті еңбек – ел қауіпсіздігіне қосылған үлеске айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1174917?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау