Астана қаласында №109 жалпы орта білім беретін мектеп базасында «Заманауи зертханалық жиынтықтар мен STEAM ықпалдастығы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Семинарға Абай, Жамбыл, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Ақтөбе мен Қарағанды қалаларынан білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара бастауыш білім беру мазмұнын жаңғыртуға, тәжірибеге негізделген оқыту мәдениетін дамытуға және заманауи зертханалық құралдарды оқу-тәрбие үдерісіне тиімді енгізу мәселелерін талқылауға бағытталды. Бұл өз кезегінде білім беру саласындағы тәжірибе алмасуға, педагогтердің кәсіби диалогын кеңейтуге және әдістемелік ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Семинар бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрды. Алдымен инновациялық жобалар көрмесі мен тақырыптық алаңдар жұмыс істеді. Онда ұлттық өнер мен технологияның сабақтастығы, робототехника элементтері, зертханалық тәжірибелер және STEAM бағытындағы мүмкіндіктер таныстырылды. Семинар аясында практикалық бөлімде ашық сабақтар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
Пленарлық отырыста инновациялық оқыту тәсілдері мен оқу-тәжірибелік ортаның артықшылықтары талқыланды. Ал теориялық және практикалық бөлімдерде заманауи зертханалық жұмыстардың ғылыми-әдістемелік қыры, цифрлық құралдарды қолдану мүмкіндіктері, жаратылыстану бағытындағы ашық сабақтар мен шеберлік сыныптары ұсынылды.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, білім беру саласындағы алдағы даму бағыттарын айқындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинарлар бастауыш білім беруде теория мен тәжірибенің сабақтастығын нығайтып, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1174592?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау