Абай облысында полицейлер 100-ден астам мектеп оқушысына қауіпсіздік сабағын өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Абай облысында жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауатын арттыру мақсатында маңызды кездесу ұйымдастырылды. Семей қаласындағы №37 мектепте 100-ден аса оқушыға арналған арнайы қауіпсіздік сабағын өткізді. Кездесудің басты мақсаты – оқушыларға заң талаптарын түсіндіру, қауіпсіздік ережелерін үйрету және түрлі қауіптің алдын алу жолдарын көрсету болды.

     Сабақ барысында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы Индира Қайратқызы оқушылармен ашық әңгіме жүргізіп, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін түсіндірді. Әсіресе, жол қауіпсіздігі, интернеттегі қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас және құқық бұзушылықтың салдары, буллинг, кибербуллинг, түнгі уақытта жүру туралы кеңінен айтылды.

     Индира Қайратқызының айтуынша, бүгінгі кездесулер балалардың болашағы үшін өте маңызды.

– Балалардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Осындай кездесулер арқылы біз оқушыларға заңды құрметтеуді, өз құқықтары мен міндеттерін білуді үйретеміз. Әр бала өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілік бар екенін түсінуі керек. Егер қандай да бір қиын жағдайға тап болса, қорықпай үлкендерден немесе полициядан көмек сұрауы қажет, – деді Индира Қайратқызы.

     Кездесу барысында оқушылар да белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен сабақ балаларға ерекше әсер қалдырды. 8-сынып оқушысы полиция қызметкерінен интернетте бейтаныс адам күмәнді ұсыныс жасаса, не істеу керегін сұрады.

     Индира Қайратқызы бұл сұраққа нақты әрі түсінікті жауап берді.

– Ең алдымен, ондай жағдайда сабыр сақтап, ешқандай жеке ақпарат бермеу керек. Егер бұл интернетте болса, сол адамды бірден бұғаттап, ата-анаға немесе мұғалімге айту қажет. Ал көшеде бейтаныс адам күмәнді әрекет жасаса, қауіпсіз жерге барып, үлкендерден немесе полициядан көмек сұраған дұрыс. Өз қауіпсіздігіңізді бірінші орынға қою өте маңызды, – деді ол.

     Кездесу соңында оқушылар полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсінгендерін жеткізді. Осындай тәрбиелік маңызы бар шаралар балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың өз өміріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1175876?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version