Бүгін аудан әкімі Мажит Самитов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Алтын» және «Күміс» алқа иелері атанған аналарды марапаттап, құрмет көрсетті.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде «Бұл – мейірім мен махаббаттың, сұлулық пен ізгіліктің мерекесі. Осындай жарқын күнде еліміздің ардақты аналарына, көпбалалы отбасылардың тірегі болып отырған сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздер – шаңырақтың шуағы, отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегісіздер. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» – жай марапат емес, ол – өлшеусіз еңбектің, төзім мен аналық махаббаттың айғағы. Бала тәрбиелеп, ұлт болашағын қалыптастыру – ең жауапты әрі абыройлы міндет. Мемлекетіміз ана мен баланы қолдауға әрдайым ерекше мән береді. Себебі берік отбасы – мықты мемлекеттің негізі. Сіздердің еңбектеріңіз – ел дамуына қосылған зор үлес», – деп атап өтті.
Салтанатты жиында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Маликова аналарды мерекемен құттықтап, ұрпақ тәрбиелеп, отбасының берекесін арттырып отырған аяулы жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/1175950?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау