ШҚО полицейлері қар құрсауында қалған жол талғамайтын көлікті шығарып алды
Тарбағатай ауданындағы республикалық маңызы бар «Омбы–Майқапшағай» тас жолында соққан қатты жел мен қардың басуы жол талғамайтын көлік жүргізушісі үшін қиын жағдай туғызды.
Көлік жолдан шығып кетіп, терең қарлы жыраға құлаған. Қардың тығыздығы сондай, темір тұлпар «ақ түтек қақпаннан» өз бетінше шыға алмады.
Алғашқы болып көмекке полиция аға лейтенанты, патрульдік полиция инспекторы Қабылқақов Нұрасыл және полиция аға лейтенанты, табиғатты қорғау тобының инспекторы Ахметов Ришат жетті. Жағдайды бағамдаған тәртіп сақшылары дереу іске кірісіп,көлік айналасын қардан тазартып, дөңгелектерін босатты және арнайы техниканың келуіне жағдай жасады. Нәтижесінде трактордың көмегімен жол талғамайтын көлік қайтадан тас жолға шығарылды.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші полицейлерге жедел әрекеттері мен қолдаулары үшін шынайы алғысын білдірді.
ШҚО Полиция департаменті ауа райы нашарлаған кезде жылдамдықты азайтып, шұғыл маневрлер жасаудан аулақ болу және жол төсемінің күйін ескеру қажет екенін ескертеді. Қысқы жол сенімділікті көтермейді — қырағылық пен сақтық қауіпсіздіктің басты кепілі болып қала береді.
ШҚО ДП баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1175232?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау