Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Агенттік төрағасының міндетін атқарушы Асет Махамбетов және ұжым қызметкерлері қатысты.
Жиында А.К. Махамбетов әйелдерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, олардың атом саласын дамытуға қосып жүрген еңбегін атап өтті. Сондай-ақ, нәзік жандылардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі саланың дамуына елеулі үлес қосып отырғаны жоғары бағаланды.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда «Ерен еңбегі үшін» медалі Ұлттық ядролық орталығының Астана қаласындағы бөлімшесінің директоры Майра Мукушеваға және Ядролық физика институтының Кешенді экологиялық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Камшат Беделбековаға табысталды.
Іс-шара соңында әйелдер қауымына зор денсаулық, отбасылық бақыт және кәсіби табысқа толы ізгі тілектер жеткізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atom-energiyasy/press/news/details/1176897?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау