Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қар шығару және еріген қар суын сору жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде.
Семей қаласында қар шығару және еріген қар суын сору жұмысы тәулік бойы ұйымдастырылған. Мердігер ұйыммен 70 техниканы жұмылдыру туралы келісімшарт жасалып, қазіргі уақытта күндізгі ауысымда 40, түнгі ауысымда 30 техника жұмыс істеуде. 6 наурыздан бері 10 мың текше метрге жуық су сорылған. Қала аумағынан 250 мың текше метр қар шығарылды.
Бесқарағай ауданында да көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыс тәулік бойы жүргізілуде. Биыл аудан аумағына түскен қар көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Қазіргі уақытқа дейін 22 500 текше метр қар шығарылды. Елді мекендерде қар суын сору жұмысы ұйымдастырылып, алдын алу шаралары қолға алынуда. Сонымен қатар инертті материал салынған 1000-ға жуық қап дайындалып, ауылішілік 17 жолдағы су өткізу құбыры тазартылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 40-тан астам арнайы техника мен 18 мотопомпа әзір тұр.
Үржар ауданында аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін күтіп ұстауға 84 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Аудандық жолдардың бойында орналасқан 41 су өткізгіш құбыр мен 8 көпір қардан тазартылды. Сонымен қатар Үржар ауылында су басу қаупі бар учаскелерден 10 416 текше метр қар шығарылды. Қоймаларда 686 тонна инертті материал, 5200 дана қап, сондай-ақ, техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 20 тонна дизель отыны мен 2,5 тонна АИ-92 бензині қоры дайындалған.
Көкпекті ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қар шығару жалғасуда. Бұған 8 арнайы техника мен 12 жұмысшы жұмылдырылған. Бүгінгі күнге дейін ауыл көшелерінен 14 мың текше метр қар шығарылды.
Сондай-ақ, Жарма ауданының қала, кент және ауылдық округтерінде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында су өткізгіш құбырлар мен арықтарды тазарту жұмысы жүргізілуде.
Ақсуат ауданында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазалау жұмысы жүргізіліп, аудан аумағынан 9 500 текше метр қар шығарылды. Бұл жұмысқа 6 жүк көлігі, 3 тиегіш трактор, 3 автогрейдер және 12 жұмысшы жұмылдырылды. Нәтижесінде аудандық жолдардағы 66 су өткізгіш құбыр қардан тазартылды.
Бородулиха ауданында да қар шығару жұмысы жалғасуда. Қыс мезгілінің басынан бері аудан бойынша 40 190 текше метр қар шығарылды. Қазіргі уақытта Бородулиха ауылында қар шығару жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күннің өзінде 192 текше метр қар шығарылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1177149?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау