Абай облысында қос азаматтық фактілерінің алдын алу және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Абай облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы мен аудандық бөлімшелері Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру, сондай-ақ қос азаматтық жағдайларын анықтау бойынша бақылауды күшейтті.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Атап айтқанда, 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 496-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл (432 500 теңге) салынады немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарып жіберу шарасы қолданылуы мүмкін.
Осыған байланысты азаматтарға заң талаптарын сақтап, азаматтық мәселелеріне қатысты рәсімдерді уақытылы орындау қажеттілігі тағы да ескертіледі.
Абай облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Имангажанов бұл мәселенің маңыздылығына тоқталып өтті:
«Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді. Бұл – елдің заңнамасында нақты бекітілген талап. Сондықтан басқа мемлекеттің азаматтығын алған Қазақстан Республикасының бұрынғы азаматтары белгіленген мерзімде бұл туралы міндетті түрде хабарлауы тиіс. Көші-қон қызметі заң талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Біз азаматтарды құқықтық жауапкершілікке тап болмас үшін заң талаптарын сақтауға және барлық рәсімдерді уақытылы орындауға шақырамыз», – деді полиция подполковнигі Бауыржан Имангажанов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1177129?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау