Көктем мерекесі қарсаңында ақтөбелік әйелдер мемлекеттік наградаларға ие болды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Асхат Шахаров әйелдер қауымын көктем, сұлулық және шабытқа толы мерекемен құттықтады.

Өнер орталығының залында түрлі мамандық иелері – педагогтер, медицина қызметкерлері, спортшылар, кәсіпкерлер, мәдениет саласының қызметкерлері және басқа да салалардың өкілдері жиналды. Олардың әрқайсысы өз еңбегі, таланты және өмірлік даналығымен өңір мен елдің дамуына үлес қосып келеді.

Құттықтау сөзінде облыс әкімі 8 наурыз – әйелдерге деген шынайы алғыс пен құрметке толы ерекше мереке екенін атап өтті.

«Әйел-Ана – тіршіліктің тірегі, өмірдің шуағы, мейірім мен тазалықтың қайнары. Халқымыздың тарихында ақылына көркі сай, ерлігі мен парасаты ұштасқан дана аналар мен батыл арулар аз болмаған. Сол асыл дәстүрдің жалғасын табуына өз үлестеріңізді қосып жүрген Сіздер деп білемін», – деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің қамқорлық, жауапкершілік және жасампаздық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, Қазақстандағы ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратынын атап өткенін еске салды.

Өңір басшысы әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөліне тоқталды.

«Сіздер білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, бизнес және мемлекеттік басқару сияқты түрлі салаларда табысты еңбек етіп жүрсіздер. Сонымен қатар отбасының ұйытқысы, рухани құндылықтардың сақтаушысы болып қала бересіздер. Әрқайсыңыз үлкен жауапкершілікті арқалап, қоғамның дамуына үлес қосып келесіздер. Бүгін ортамызда еңбегімен, талантымен және адалдығымен көпшілікке үлгі болған әйелдер отыр», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі салтанатты жағдайда Президент атынан бес ақтөбелік әйелге мемлекеттік наградаларды табыстады.

«Құрмет» ордені
* «Interteach Aktobe» медициналық орталығының физиотерапевті Бақыт Тапалова
«Ерен еңбегі үшін» медалі
* Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлімай Қуанышова
* Мүгедектігі бар жандарға арналған спорт клубының спортшысы Гүлім Кұрманбаева
* Әйтеке би ауданындағы Комсомол орта мектебінің директоры Дина Қыдырбаева
* Кәсіпкер Қаракөзайым Скендірова наградталды.

Сонымен қатар облыс әкімі түрлі салаларда табысқа жеткен бірқатар ақтөбелік әйелге құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті.

Облыс әкімінің құрмет грамотасымен 7 әйел марапатталды:

* Ойыл ауданындағы «Жолшы» балабақшасының тәрбиешісі, балалармен 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Бақыт Ұлықпанова
* Шалқар ауданындағы «Асхат» шаруа қожалығының басшысы, көпбалалы ана Айымкүл Әуезова
* «Кеңкияқ» мұнай-газ өндіру басқармасының геологі, мұнай саласында 40 жылдан астам еңбек еткен Аққұмыс Жұбаниязова
* «Батысгеодезия» филиалының жетекші сарапшысы Әлия Асанова
* Теміржол саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан локомотив бригадаларының нұсқаушысы Жанымгүл Ғибадуллина
* Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының тәжірибелі акушері Роза Аюпова
* Мәдениет қызметкері, жастармен белсенді жұмыс жүргізетін «Шолпы» қыздар клубының жетекшісі Бибігүл Ақжігітова бар.

Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да салаларда еңбек етіп жүрген 40 әйелге облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-arhiv/press/news/details/1177735?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version