Екі айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының аумағында интернет-алаяқтықтың 199 дерегі тіркелді. Оның 59-ы алаяқтардың өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банктердің қауіпсіздік қызметі немесе “Egov” қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстыруымен байланысты.
Олар облыс тұрғындарының шоттарына алаяқтар тарапынан жаппай несие рәсімдеу әрекеттері жасалып жатқанын айтып, тұрғындардың өздеріне несие рәсімдетіп, кейін “қауіпсіз шоттарға” аудартқызады.
— Егер сізге құқық қорғау органдарының немесе қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері хабарласса, бірден телефон тұтқасын қойып, полицияға немесе банктің ресми “жедел желісіне” хабарласуыңыз қажет. Тұрғындар интернет арқылы сауда жасауға бейім. Соның салдарынан екі ай ішінде тиімді бағаға тауар сатып алмақ болған немесе сатпақ болған 55 адам алаяқтардың құрбанына айналды, — деді Павлодар облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Абетжанов.
Егер сіз өте тиімді бағамен тауар жарнамасын көрсеңіз, алдымен ол дүкеннің шынымен жұмыс істейтінін тексеру қажет.
Ол үшін таныстарыңызға, достарыңызға немесе туыстарыңызға хабарласып, олардың сол жерге барып дүкеннің немесе туроператордың бар-жоғын тексеруін сұрауға болады.
Киберполиция қызметкерлері азаматтарды барынша мұқият әрі сақ болуға және алаяқтардың айласына алданбауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1177573?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау