Наурыз мейрамы қарсаңында Ақтөбе облысында 13–23 наурыз аралығында «Nauryz Sale» ауқымды мерекелік акциясы өтеді. Бастама отандық өндірушілерді қолдау, ішкі сауданы жандандыру және тұрғындар мен қала қонақтары үшін мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.
Акция аясында өңірдегі сауда нысандары халыққа азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға 10–70 пайыз аралығында жеңілдіктер ұсынады. Жеңілдікпен сатылатын тауарлар сауда залдарында арнайы «Nauryz» фирмалық безендіруімен белгіленіп, сатып алушыларға оларды оңай табуға мүмкіндік беріледі. Сауда орындарында тақырыптық баға белгілері, брендтелген көрсеткіштер, баннерлер мен басқа да ақпараттық материалдар орналастырылады.
Акцияға облыстағы ірі сауда желілері мен сауда орталықтары қатысады. Олардың қатарында «Анвар», «Дина» сияқты сауда желілері және қаладағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтары бар. Бұл бастама тұрғындарға мереке қарсаңында қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар акция барысында отандық өндірушілерді қолдауға назар аударылады. Сауда орталықтарында қазақстандық өнімдер ұсынылатын арнайы аймақтар ұйымдастырылып, олар нарықтағы бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылмақ.
Акция аясында келушілер үшін түрлі интерактивті шаралар да жоспарланған. Ақтөбедегі KeruenCity сауда-ойын-сауық орталығында ұлттық нақыштағы фотозоналар ұйымдастырылып, келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Сонымен қатар «Тәрбие» ұлттық киім дүкені қазақы нақыштағы киімдерді ұсынып, келушілер оларды киіп көріп, естелікке суретке түсе алады.
Айта кетейік, Наурыз мерекесіне орай республика көлемінде «Sauda in Digital Nauryz» атты конкурс та өтеді. Конкурс сауда нысандарын мерекелік безендіруде заманауи цифрлық шешімдерді қолдануға және инновациялық сервистерді дамытуға бағытталған.
Жеңімпаздар креативтілік, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, ұлттық бірегейлік пен аудитория белсенділігі сияқты критерийлер бойынша анықталады. Конкурс қорытындысы 20 наурызда жарияланып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1178624?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау