2026 жылғы 11 наурыз, Гуанчжоу – Қазақстан Республикасының Гуанчжоудағы Бас консулы
Уалихан Сәрсембеков Гуанси халықаралық сауданы ілгерілету кеңесінің төрайымы және Гуанси халықаралық сауда палатасының президенті Ян Яньяньмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан өңірлері мен Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады.
У.Сәрсембеков «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық және сауда хабы ретіндегі маңызды рөлін атап өтіп, сондай-ақ сауда, инвестициялар, логистика, өнеркәсіптік кооперация және инфрақұрылымды дамыту салаларында Гуансимен ынтымақтастықты кеңейтудің перспективаларына тоқталды. Қазақстан тарапы бірқатар инвестициялық жобаларды таныстырып, Гуанси кәсіпорындарын оларды іске асыруға қатысуға шақырды.
Қазақстанда мемлекеттік басқаруды одан әрі жаңғыртуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған конституциялық реформалар аясында халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктердің қалыптасып отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан өңірлері мен Гуанси арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және оны сапалы жаңа деңгейге шығаруға, оның ішінде Қазақстан мен Қытайдың өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында ілгерілетуге қызығушылық білдірілді.
Өз кезегінде Ян Яньянь Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін елеулі әлеует бар екенін айтты. Сондай-ақ Гуанси кәсіпорындарының Қазақстанда бірқатар жобаларды іске асырып жатқаны атап өтілді. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде инженерлік техника, автокомпоненттер өндірісі, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, мәдениет және туризм салалары аталды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға жәрдемдесуге және өзара іскерлік сапарларды ұйымдастыру мәселесін пысықтауға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-guangzhou/press/news/details/1178627?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау