Түркияның Анталья қаласында өткен кадеттер арасындағы дзюдодан Еуропа кубогында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 16 медаль жеңіп алып, көш бастады. Оның алтауы — алтын, үшеуі — күміс, жетеуі — қола. Команданың қоржынына түскен екі алтын жүлдені Қарағанды облысының спортшылары иеленді.
Жарысқа әлемнің 21 елінен 550 спортшы қатысты. Оның ішінде 328 ұл және 222 қыз бар.
73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қарағандыдағы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Еркен Бекқали жеңімпаз атанды.
Спортшы Шет ауданында туған, ал дзюдодағы алғашқы қадамдарын Ағадыр кентіндегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған.
Тағы бір алтын жүлдені 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әділжан Жәудінов жеңіп алды. Дзюдошы облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі «Жас Сұңқарда» жаттығады.
Финалдық белдесуде қарағандылық спортшы Өзбекстан өкілі Әлібек Дірдиевті сенімді түрде жеңді. Бұған дейін Әділжан Жәудінов осы қарсыласына екі рет — Азия кубогы мен Бахрейнде өткен Азия ойындарының финалында есе жіберген болатын.
— Еуропа кубогындағы жеңіс біз үшін өте маңызды болды. Әділжан эмоциясын бақылауда ұстай біледі. Әрбір халықаралық жарыс — үлкен дайындық пен Олимпиада ойындарына апарар жолдағы маңызды кезең, — деді спортшының жеке бапкері әрі Қазақстанның дзюдодан олимпиадалық құрамасының жаттықтырушысы Алмас Несіпберлі.
Еуропадағы турнирге дайындық шамамен алты айға созылған. Алда спортшыны жаңа халықаралық жарыстар күтіп тұр. Соның ішінде Әзербайжанда өтетін турнир және осы маусымның басты бәсекесі — биыл Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиада ойындарына дайындық бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1178622?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау