Түркістанда армрестлингтен әлем чемпионы атанған полицей оқушыларға шеберлік сабағын өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Әлемдік спорт аренасында Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген тәртіп сақшылары жас ұрпақпен кездесіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісуді дәстүрге айналдырған. Осындай тағылымды кездесулердің кезектісі Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектепте өтті. Іс-шараны облыстық полиция батальоны ұйымдастырып, оған мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.

Кездесу барысында оқушыларға дене шынықтыру пәні аясында арнайы шеберлік сабағы өткізілді. Шараға қызмет пен кәсіби спортты қатар алып жүрген полиция қызметкері, армрестлингтен әлем чемпионы Нұрқанат Өтешов қатысты. Жеңімпаз полицей өткен айда Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен армрестлингтен Әлем кубогына қатысып, жүлделі І орынды иеленген. Жарыс барысында ол оң қолымен бес қарсыласымен белдесіп, барлығын да жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Сонымен қатар сол қолмен күрес бойынша жүлделі ІІ орынға ие болды. Халықаралық додаға 25 елден 400-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтаған. Шеберлік сабағы барысында оқушыларға қол күресудің негізгі тәсілдері, өзін-өзі қорғау әдістері және ептілікті дамытуға арналған арнайы жаттығулар көрсетілді.

Кездесу оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Жастар чемпион полицеймен қол күресіп, тәжірибе алмасып, кейбір әдіс-тәсілдерді өздері де орындап көрді. Осы арқылы олар табандылықтың, тәртіптің және өзіне деген сенімнің арқасында спортта да, қоғамға қызмет етуде де үлкен жетістіктерге жетуге болатынын түсінді.

 Бұл шара тек жаттығу сабағы ғана емес, жастарды батылдыққа, табандылыққа тәрбиелейтін, елге адал қызмет етудің маңызын ұғындырған тағылымды кездесу болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1179078?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version