Жетісу облысында Халықаралық волонтерлар жылы аясында «Zhetysu Youth Forum 2026» өңірлік жастар форумы өтті. Форум волонтерлер, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, студенттер, оқушылар – жалпы саны 500-дей адамның басын қосты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еркін пікір алмасу форматында өткен форумда облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қатысты. Форумға қатысушылар жастардың ел дамуындағы рөлі туралы өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Негізінен волонтерлік мәдениетті дамыту тетіктері, сондай-ақ жастарды қолдау бағытында жүзеге асырылатын бастамалар талқыланды.
– Бәрімізге белгілі, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған болатын. Соған сәйкес аталған жылдың ресми ашылуы ретінде бүгін өңірлік жастар форумын ұйымдастырдық. Мұндай еркін форматтағы шаралар жастардың өзара тәжірибе алмасуына, ашық пікірталас алаңын қалыптастыруға, оларды қоғамдық және әлеуметтік жобаларға белсенді қатысуға ынталандырады деп ойлаймын, – деді «Jetisu jastary» КММ директоры Шамиль Ванкеев.
Басқосудың негізгі спикерлері ретінде сөз алған «Future IT» робототехника мектебінің негізін қалаушы Дамир Нүркежанов озық технологияларды меңгерудің жастарға беретін жаңа мүмкіндіктері жайлы баяндады. Сол сияқты блогер, эко белсенді Дулат Набиев те спикерлер қатарында сөз сөйлеп, Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті.
Форумға қатысушылар да өз пікірлерін білдірді.
– Біздің волонтерлік қозғалысымыз шала туған нәрестелерге жүннен жылы киімдер (шұлық, бас киім, күртеше) тоқумен айналысатын адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді. Дайын киімдерді ауруханалардың жансақтау және патология бөлімдеріне риясыз ниетпен тапсырамыз. Біздің бұл бұйымдарымыз сәбилерді жылытуға көмектессе екен дейміз. Мейірім таныту, қайырымдылық көрсету қиын емес, тек адал ниет болса жетіп жатыр. Барлық жастарды біздің қатарымызға қосылуға шақырамын, – деді Талдықорғандағы «28 ілмек» клубының үйлестірушісі Жанна Сакович.
– Менің волонтерлік қызметпен айналысып жүргеніме екі жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде волонтерлік тек адамдарға көмектесу ғана емес, қоғаммен етене жақын болып, түрлі әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамау екенін түсіндім. Волонтерлік арқылы біз тек мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп қана қоймай, табиғатты қорғау, қоршаған ортаны аялау сияқты маңызды бағыттарға да өз үлесімізді қосып келеміз. Өзім осындай жастарға арналған басқосуларға жиі қатысамын. Себебі мұндай кездесулерде өзіміз секілді белсенді жастармен танысып, ортақ идеяларды бірге талқылауға мүмкіндік береді, – деді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 4 курс студенті Темірлан Төлеген.
Форум соңында жетісулық жастар 15 наурыздағы референдумға белсене қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Осы орайда олар өскелең ұрпақтың ортақ болашаққа деген жауапкершілікті сезінуінің және елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, қазір Жетісу облысында 13 волонтерлік ұйым мен 18 бастамашы топ белсенді жұмыс істейді, оларға шамамен 1100-ден аса жас тартылған. Өткен жылы мұқтаж жандарға көмек көрсету, ескерткіштерді тазалау, экологиялық, әлеуметтік және басқа да бағыттарда 3 мыңдай волонтерлік акция ұйымдастырылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсіргендер: Қанат Өмірәлинов, Темірлан Рашидұлы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1179084?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау