Руханият орталығында аудан әкімі Мажит Самитовтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлем – әйелмен әдемі» атты мерекелік қабылдау өтті.
Шараға ардагер аналар, түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара барысында қонақтар алдымен «Нәзік жандылар әлемі» атты кітап және қолөнер көрмесін тамашалап, әйелдердің шығармашылығы мен өнерін дәріптейтін туындылармен танысты.
Мерекелік қабылдаудың ашылуында аудан әкімі Мажит Самитұлы көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген әйел азаматтарға алғысын білдірді.
– Сіздерді шуақты көктемнің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілікке толы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қай заманда болмасын, адамзаттың ең асыл армандары мен нәзік сезімдері әйел затына байланысты болған. Бүгінде әйелдер еңбек етпейтін бірде-бір сала жоқ. Білім беру, медицина, әлеуметтік қорғау жүйелерін аяулы аналар мен нәзік жандыларсыз елестету мүмкін емес. Ең бастысы – әйелдер кәсіби қызметін отбасындағы ана міндетімен қатар алып жүр. Осы орайда отбасы мен қоғам жүгін қайыспай көтеріп жүрген Сіздерге деген алғысымыз шексіз.- деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында еңбегімен ерекшеленіп, қоғам дамуына үлес қосып жүрген бірқатар нәзік жандыларға және ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, өнегелі өмір жолымен кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген ардагер аналарға аудан әкімінің Құттықтау хаты мен сый-сияпаттары табысталды.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының әсерлі концерттік бағдарламасымен қорытындыланып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/1179124?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау