Наурыз мейрамы қалай атап өтіледі?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен аппарат жиынында наурыз айындағы мерекелік іс-шараларды дайындау және өткізу мәселесі қаралды.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жоспарланған мәдени-бұқаралық іс-шаралар туралы баяндады.

Наурыз мейрамын тойлаудың онкүндігі 14 наурызда Көрісу күні мен Амал мерекесінен басталады.

«Қазақ халқына мың алғыс» стеласы аумағындағы басты алаңда «Берекелі бастау» концерттік бағдарламасы және «Тайқазан – тарихымның тұғыры» театрландырылған қойылымы өтеді. Барлық ауданда да қойылымдар, концерттер, алтыбақан ойындары мен спектакльдер ұйымдастырылады. Кәсіпорындар мен мекемелерде көрісу дәстүріне арналған тренингтер, көрмелер және кештер өтеді.

15 наурыз – Қайырымдылық күні қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, қарттарға, көпбалалы отбасыларға және мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. «Өнер орталығы» концерт залында «Арайлы Ақтөбе» және «Достық сазы» фольклорлық ансамбльдерінің қатысуымен «Ұлы дала жүйрігі» атты айтыс-концерт өтеді. Стела маңындағы сахнада жас өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт ұйымдастырылады.

16 наурыз – Шаңырақ күніндегі (Отбасы күні) барлық іс-шара отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналмақ. Концерттер, отбасылық байқаулар, фотокөрмелер, түрлі акциялар мен шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған. Перзентханаларда дүниеге келген нәрестелерді құттықтап, бесік пен домбыра табыстауға баса назар аударылады.

Орталық алаңда «Бір шаңырақ – бір жүрек» атты мәдени-көпшілік іс-шара өтеді.

«Өнер орталығы» концерт залында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның сахнадағы шығармашылық қызметінің 50 жылдығына арналған «Роза шақырады» атты концерт өтеді.

17 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні облыс және аудан мәдениет мекемелерінде шығармашылық байқаулар, этно-музыкалық қойылымдар, ұлттық тағамдар мен киімдер көрмелері, шеберлік сабақтары, оқу марафондары ұйымдастырылады. Мереке аясында Ғ. Жұбанова атындағы филармония ұжымдары арасында «SAUKELE-2026» байқауы, стела жанындағы сахнада «Dastur-fest» фестивалі, сондай-ақ 17 наурыз сағат 11:00-ден 18 наурыз сағат 11:00-ге дейін жалғасатын «Қырымның қырық батыры» атты 24 сағаттық жыршы марафоны өтеді.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Этностиль көрсетілімдері, дефиле, музей көрмелері және сән үлгілерінің таныстырылымдары жоспарланған. Ұйым басшылары, қызметкерлері және қала тұрғындары 14 наурыздан бастап ұлттық киім киюге шақырылады. «Ұлттық киім – ұлт айнасы» байқауы, ұлттық шеру, этно-кештер және «Наурыз нұры» кітапханалық этно-марафоны өтеді. «Өнер орталығы» концерт залында «Дауыс» ұжымының «Таңғажайып Наурыз» атты концерті ұйымдастырылады.

19 наурыз – Жаңару күні мәдени-көпшілік іс-шаралар, шеберлік сабақтары, жас суретшілерге арналған пленэр-байқаулар өтеді. Қалалық мәдениет үйінде «Жаңғыру мен дәстүр тоғысында» атты шара ұйымдастырылса, Алақай қуыршақ театрында театрландырылған қойылым көрсетіледі. «Өнер орталығы» концерт залында Ахмет Жұбанов атындағы оркестрдің «Mega Hits» концерті өтеді.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні спортшылар қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, садақ ату, ләңгі тебу, қол күресі және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарысады.

21 наурыз – Ынтымақ күні ұлтаралық келісім мен достықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар: балалар мен жастарға арналған шығармашылық марафондар, ұлттық ойындар мен көрмелер өткізіледі. Орталық алаңда «Бастаңғы» жастар бағдарламасы, «Ақсүйек» ойыны және концерттік бағдарлама ұйымдастырылмақ.

22 наурыз – Наурыз мейрамы.Облыстағы мәдениет мекемелерінде халықтық серуендер, театрландырылған қойылымдар, ашық есік күндері, концерттер және ұлттық дәстүрлерді насихаттауға арналған бағдарламалар өтеді. Облыс орталығында 26 алаңда 52 киіз үй тігіледі, оның 6-уы орталық алаңда орналасады. Қазақ халқына мың алғыс стеласы алаңында «Наурыз – жарқын жыл басы» атты халықтық серуен ұйымдастырылады.

23 наурыз – Тазару күні экологиялық сағаттар, аумақтарды тазарту акциялары, аулалар мен көшелерді қардан, қоқыстан және қалдықтардан тазалау бойынша тазалық эстафетасы ұйымдастыруға арналады.

Жалпы, мерекелік іс-шаралар аясында облыста 2400-ден астам мәдени-көпшілік шара өткізу жоспарланып отыр.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет 22 наурыз күні Наурыз мейрамын тойлау облыс орталығының шағын аудандары мен тұрғын алаптарындағы 26 алаңда ұйымдастырылатынын мәлімдеді.  Аталған орындарда киіз үйлер тігіліп, әрқайсысы ұлттық бұйымдар және қазақ халқының дәстүрлі атрибуттарымен безендіріледі әрі жабдықталады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарламалар, сондай-ақ ұлттық ойын түрлерінен спорттық жарыстар өткізілмек.

Киіз үйлерді тігуге қаланың ірі кәсіпорындары, жоғары оқу орындары, өнеркәсіп саласының өкілдері, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және спорт мекемелері, сондай-ақ ірі сауда және ойын-сауық орталықтары тартылады. Мерекелік алаңдар орналасатын аумақтардың санитарлық тазалығы мен абаттандырылуына көңіл бөлінеді.

Облыс әкімі жауапты қызметтер мен қала, аудан әкімдеріне Наурыз мейрамы мерекесіне мұқият дайындық жүргізіп, іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

«Наурыз – жаңару, ізгілік пен бірлік мерекесі. Ол барлық буын өкілдерінің басын біріктіреді. Жоспарланған іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, облыс тұрғындары мерекенің шаттығы мен ұлттық дәстүрлердің ерекше атмосферасын сезінуі тиіс. 

Сонымен қатар, 15 наурызда мемлекетіміздің болашақ даму бағдарын айқындайтын, демократиялық құндылықтарды нығайтатын тарихи белес – жалпыұлттық референдум тұр. Оған қатысу – әр азаматтың жауапкершілігін көрсетіп, мемлекеттің болашағына қосқан үлесі. Әрқайсымыз қабылданатын шешімдердің ел тәуелсіздігін нығайту мен тұрақты дамуына әсерін түсініп, бұл таңдауға саналы түрде қарауымыз маңызды», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga-akai/press/news/details/1179793?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version