Қазақстан Елшілігінде Чехиядағы студент жастармен мазмұнды кездесу өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Прага, 2026 жылғы 10 наурыз – Прага қаласындағы Қазақстан Елшілігінде Чехияның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан бір топ қазақстандық студентпен арнайы кездесу өтті. Еркін пікір алмасу форматында өткен жүздесуде жастар таңдаған білім ордалары мен мамандықтары, алдағы жоспарлары туралы ой бөлісті. Сондай-ақ студенттердің шетелдегі оқу барысы, тұрмыс-тіршілігі және болашақ кәсіби бағдары жан-жақты талқыланды.

Елші Қайрат Әбдірахманов Қазақстан дипломаттарының негізгі жұмыс бағыттарын таныстырып, шетелдегі отандастармен тұрақты байланыста болудың маңызына тоқталды. Осы орайда жастарға консулдық есепке тұрудың қажеттігі түсіндірілді. Бұл қадам, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ кез келген төтенше жағдайда жедел көмек көрсетуге тікелей септігін тигізетіні айтылды.

Басқосуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған сыртқы саяси бастамаларына айрықша мән берілді. Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси өзгерістер кеңінен сөз болды. Елші 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін жалпыұлттық референдумның мемлекет өміріндегі тарихи маңызын атап өтіп, жастарды бұл саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды. Референдумда дауыс беру – әрбір азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның айқын көрінісі екеніне назар аударылды.

Дипломатиялық өкілдік басшысы жастарды сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман атануға, адал еңбек етіп, жауапкершілік жүгін сезіне білуге үндеді. Сондай-ақ шетелде жүрген әрбір қазақстандық тұтас елдің айнасы екенін, олардың әрекеті мемлекеттің абырой-беделіне тікелей әсер ететінін еске салды. Өз тарапынан Елшілік қазақстандық білікті кадрларға қызығушылық танытып отырған чех компанияларында студенттердің тағылымдамадан өтуіне барынша жәрдемдесетінін мәлімдеді.

Жиын соңында қатысушылар жастар қауымдастығын нығайтып, Қазақстанның терең тарихын, бай мәдениеті мен салт-дәстүрін чех қоғамына кеңінен таныту мақсатында бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру мәселесін талқылады. Атап айтқанда, олар келе жатқан Наурыз мейрамына ерекше маңыз берді. Сонымен қатар тараптар алдағы уақытта мәдени, танымдық және спорттық жобаларды тұрақты түрде өткізіп тұруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1179098?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version