Шығыс Қазақстан облысында ормандарды қорғауды күшейту, балық шаруашылығын дамыту және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жоспарланып отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Аяулым Қайдарова мәлімдеді.
Маңызды бағыттардың бірі – орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу. Облыста 90 антенналық мұнара орнату жоспарлануда. Бұл орман алқаптарында тұрақты байланысты қамтамасыз етіп, өрт ошақтарын жедел анықтау мен оның алдын алу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Орманды қалпына келтіру бағдарламасы аясында өңірде 7 мың гектардан астам аумаққа 36 миллион орман көшеті отырғызу жоспарда бар. Бұл шаралар аумақтың ормандылығын арттырып, жердің тозуын азайтуға және табиғи экожүйелердің тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді», – деді орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Данияр Қанатбаев.
Сонымен қатар балық шаруашылығын дамыту жұмыстары да жалғасады. Келесі жылы облыста 3 746 тонна тауарлық балық өсіру жоспарланған. Бұдан бөлек, Бұқтырма су қоймасында жалпы жобалық қуаты 3 200 тоннадан асатын торлы шаруашылықтарды орналастыру үшін бес резервтік учаске бекітіледі.
Саланы қолдау мақсатында 189 миллион теңге көлемінде мемлекеттік субсидия бөлініп, шамамен 499 миллион теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту жоспарланып отыр. Бұл өндірістік қуаттарды кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бағыт – сирек кездесетін балық түрлерінің популяциясын қалпына келтіру. Осы мақсатта Қара Ертіс өзеніне 260 мың дана сібір бекіресінің шабақтары жіберіледі. Бұл шараға 260 миллион теңге қарастырылған.
Мамандар мұндай жұмыстар өңірдегі құнды су биологиялық ресурстарын сақтап, қалпына келтіруге ықпал ететінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1179949?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау