2026 жылғы 9–12 наурыз аралығында Астана қаласындағы Radisson Astana базасында екі халықаралық зияткерлік сайыс – Қашықтан өткізілген Азия–Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы және «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасы өтті.
Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен 152 мектеп оқушысы қатысты.
Олимпиадалардың негізгі мақсаты – математикалық ғылымдар саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, сондай-ақ қатысушы елдер арасында халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жағдай жасау.
Азия–Тынық мұхиты математикалық олимпиадасына әлемнің шамамен 40 елі қатысты. Олардың қатарында Аргентина, Австралия, Канада, Гонконг, Индонезия, Жапония, Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мексика, Жаңа Зеландия, Филиппин, Ресей, Сингапур, Шри-Ланка, Тайвань, Тәжікстан, Түрікменстан, АҚШ, Түркия және басқа да мемлекеттер бар.
Олимпиада қашықтан форматта өтті: халықаралық ұйымдастыру комитеті тапсырмалар мен бағалау критерийлерін қатысушы елдердің ұлттық ұйымдастыру комитеттеріне жолдайды, содан кейін жарыс әр елде бір уақытта өткізіледі.
«Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының ұйымдастырушысы – Қазақстан. Бұл жарыс Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің жас математиктерін біріктіруге бағытталған. Биылғы олимпиадаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Әзербайжан, Қытай және басқа мемлекеттердің оқушылары қатысты.
Қазақстандық оқушылар осы халықаралық олимпиадаларға 2003 жылдан бері қатысып келеді. Бұл зияткерлік жарыстар дарынды жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Халықаралық математикалық олимпиадаларда №8 мектеп-лицейі мен ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары Павлодар облысының намысын лайықты қорғап, алты медаль жеңіп алды!
Азия–Тынық мұхиты математикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша:
Шубладзе Юрий (№8 мектеп-лицейі),
Амантай Рахат («Білім-Инновация» ер балалар лицей-интернаты),
11-сынып оқушылары күміс медальмен марапатталды.
Катунина Юлия (№8 мектеп-лицейі), 11-сынып оқушысы қола жүлдегер атанды.
«Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадасының нәтижесі бойынша:
Амантай Рахат, Шубладзе Юрий, Катунина Юлия қола медальдарды иеленді.
Халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен дарынды оқушыларымызбен мақтанамыз!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1180541?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау