2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық аясында 2026 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті.
Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, мәдениет және ақпарат, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері қатысты.
Қатысушылар арасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) атынан Байқаушылар Миссиясы, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының Референдумды бағалау миссиясының өкілдері де болды.
Талқылауға бейне-конференциялық байланыс режимінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ ақ 20 өңірдің әкімдіктерінің аппарат басшылары қосылды.
Отырыс ОРК ресми интернет-ресурсында және YouTube платформасында сурдоаудармамен көрсетілді.
Отырыс барысында күн тәртібіне енгізілген келесі мәселелер қаралды:
- 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумда дауыс беру күніне учаскелердің дайындығы туралы;
- 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу барысында келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы.
Отырыс басталар алдында Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізілгенін, комиссиялардың қызметіне әдістемелік қолдау көрсетілгенін, сондай-ақ дауыс беру рәсімдерін қолдану мен референдум туралы заңнама талаптарын сақтауда бірыңғай тәсіл қалыптастырылғанын атап өтті.
Дайындық барысында комиссия мүшелерін оқытуға ерекше назар аударылды. Ел бойынша 5800-ден астам оқыту семинары өткізіліп, оған әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың 71 мыңнан астам мүшесі қамтылды. Сонымен қатар, өңірлерде 170-тен астам тақырыптық семинар ұйымдастырылып, оған референдум процесіне қатысатын шамамен 3800 өкіл қатысты.
Сонымен қатар референдумды байқау үшін барлық жағдайлар қамтамасыз етілді. Бүгінгі күнге 256 қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар аккредиттелді: оның ішінде 11 – Орталық референдум комиссиясы арқылы, ал 245-ін аумақтық комиссиялар аккредиттеген. Олардың өкілдері референдум өтетін күні дауыс беру рәсімін байқау үшін қатыса алады.
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік үгітке қатысты заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды.
Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
Бүгін сағат 00.00-де үгіт кезеңі аяқталады. Осы сәттен бастап «тыныштық күні» басталады. Бұл дегеніміз, 14 наурызда және дауыс беру күні – 15 наурызда кез келген үгітке тыйым салынғанын білдіреді.
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдум қорытындыларына қатысты болжамдарды және өзге де зерттеулерді жариялауға дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні жол берілмейтіні атап өтілді.
Сонымен қатар, дауыс беру үй-жайларынан тыс жерлерде бұрын орналастырылған баспа үгіт материалдары мен плакаттар бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін.
Дауыс беру үй-жайларында сауал жүргізуге тыйым салынады. Олар тек референдум учаскелерінің шыға берісінде және Орталық референдум комиссиясын алдын ала хабардар еткен заңды тұлғалар тарапынан ғана жүргізілуі мүмкін.
Аталған талаптарды бұзу заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Бірінші мәселені қарау барысында бойынша өңірлердегі, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссия төрағалары дауыс беру күніне дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және рәсімдік іс-шараларды жүзеге асыру барысы туралы есеп берді.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес дауыс беру үшін белгіленген мөлшердегі бюллетеньдер учаскелік комиссияларға жеткізіліп, ішкі істер органдарының күзетімен қамтамасыз етілген. Учаскелер қажетті ақпараттық материалдармен жабдықталған, стендтерде заңнамада көзделген мәліметтер орналастырылған, соның ішінде жаңа Конституция жобасының мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ учаскедегі тәртіп ережелері орналастырылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруге қатысуына жағдай жасалған.
Баяндама жасаушылардың мәліметі бойынша дауыс беру күні учаскелерде екі онлайн-қызмет қолжетімді болады: референдум қатысушыларының деректерін тексеруге, екіншісі дауыс беру күні тіркеуді жүргізуге арналған.
Сонымен қатар, азаматтарға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері туралы ақпарат ұсынылды; бұл процесс 14 наурызда сағат 18:00-де аяқталады. Сондай-ақ, азаматтардан келіп түскен өтініштер қаралды. Барлық шағымдар мен өтініштер заңда белгіленген тәртіппен қаралып, өтініш білдірген тұлғаларға қажетті түсіндірмелер берілді.
Сонымен қатар, дауыс беру күні учаскелердің жұмысын тиісінше қамтамасыз ету, оның ішінде ауа райы жағдайларын ескеру шаралары қабылданды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша республикалық референдумға дайындық және оны өткізу кезеңінде азаматтар мен ұйымдардың өтініштерінің қаралу барысы туралы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова хабарлады.
Оның айтуынша, өтініштермен жұмыс республикалық референдум және сайлау туралы конституциялық заңдарға және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүргізіледі.
Референдум өткізу туралы жарлық жарияланған уақыттан бері Орталық рефрендум комиссиясына 228 арыз-шағым түсті (200 – жеке тұлғалардан, 28 – заңды тұлғалардан). Өтініштердің негізгі бөлігі референдум туралы заңнаманы түсіндіруге және референдумның мәніне қатысты мәселелерге байланысты.
Өтініштердің жартысынан астамы, яғни 52%-ы референдум туралы заңнаманы түсіндіруге қатысты болса, 20%-ы референдумның мәні, ал тағы 5%-ы қоғамдық пікірге сауал салу мәселелерін қамтиды. Әрбір өтініш бойынша уақытылы қарау қамтамасыз етіліп, қолданыстағы заңнама нормаларына сілтеме жасай отырып жан-жақты жауаптар берілуде.
Қорытындылай келе, Әсел Жанәбілова комиссиялардың жауаптарына қатысты шағым түспегенін және референдумды дайындау мен өткізу мәселелері бойынша сотқа берілген талап-арыздардың жоқ екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Орталық референдум комиссиясының отырысында азаматтар үшін өздерінің дауыс беру учаскесі туралы ақпарат алуға, сондай-ақ тіркеуге қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін бірнеше цифрлық сервистің жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
«Азаматтардың қолайлылығы үшін бірнеше цифрлық сервис іске қосылды. Олар сайлаушыларға өздерінің дауыс беру учаскесін жылдам анықтауға, қажет болған жағдайда тіркеу туралы мәліметтерді тексеруге немесе сайлаушылар тізіміне енгізу мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ростислав Коняшкин.
Мәселен, мемлекеттік органдардың бірыңғай порталында үкіметтік платформасы базасында «ЖСН арқылы дауыс беру учаскесін іздеу» сервисі іске қосылды. Оның көмегімен сайлаушылар өздерінің дауыс беру учаскесінің нөмірін, орналасқан жерін және мекенжайын анықтай алады. Бұл сервис азаматтар үшін 2026 жылғы 27 ақпаннан бастап қолжетімді.
Сонымен қатар, «электрондық үкімет» порталында 2026 жылғы 3 наурыздан бастап азаматтардың тіркелген жері туралы мәліметтерді тексеру сервисі жұмыс істейді. eGov порталына қолжетімділігі бар учаскелік референдум комиссияларының мүшелері сайлаушының жазбаша өтініші негізінде оның тұрақты тіркеуі туралы мәліметтерді алып, дауыс берушілер тізіміне енгізу мәселесін шешу үшін пайдалана алады.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 28 ақпаннан бастап «электрондық үкімет» порталында азаматтарды дауыс беру учаскелерінің мекенжайлары бойынша уақытша тіркеу сервисі қолжетімді болды. Бұл сервис өзінің тұрғылықты мекенжайынан шығарылған және бұрын дауыс берушілер тізіміне енгізілмеген азаматтарға арналған. Дауыс беру күні олар үшін дауыс беру учаскесінің мекенжайы бойынша тікелей уақытша тіркеу мүмкіндігі қарастырылған, бұл олардың сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«15 наурызда дауыс беру күнін жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды. Комиссияға республикалық референдумды өткізуге жауапты миссия жүктелген. Барлық халықтық дауыс беру рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, әрбір азаматтың конституциялық құқықтарын толық жүзеге асыра алуына жағдай жасау қажет. Сондай-ақ процесті ұйымдастырушылар мен қатысушылар үшін негізгі талап заңдылықты қатаң сақтау болып қала бермек», – деп атап өтті Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Отырыстан кейін ОРК мүшелері мен басқа қатысушылар дәстүрлі баспасөз брифингінде журналистерге барлық мәселелер бойынша түсініктеме берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1180780?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау