Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсарту, аса маңызды инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына тоқталды. Оның ішінде Түркістан облысы Шардара ауданын сумен қамту бағытындағы ауқымды жоба туралы да атап өтті.
– Су – тіршілік көзі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Сондықтан халыққа сапалы ауыз су беру, экономика салаларын су ресурсымен қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттер саналады. Биыл күзде Шардара су құбыры жұмыс істей бастайды, яғни, қаланың 30 мың тұрғынына таза ауыз су беріледі, – деді Президент.
Түркістан облысында аталған жоба бойынша ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Бұл бастама облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қадағалауына алынған.
Жоба бойынша аудан орталығынан 39 шақырым қашықтықтағы Шардара-Байырқұм жер асты су кен орны, яғни, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, Тама-Тастанбек учаскелерінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеме – «Алтын констракшн» ЖШС. Топтық су құбырының ұзындығы – 39,28 шақырым, ал, оның қуаттылығы тәулігіне 12 000 текше метрді құрамақ. Сондай-ақ жобада І-ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы және 40 шақырым электр желісін жүргізу жоспарланған.
Мұнда 2008-2009 жылдары Шардара-Байырқұм жер асты су кен орнына қайта барлау жұмыстары жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілген. Жоба іске асқанда Шардара қаласы мен оған іргелес жатқан 22 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау