Нью-Йорк, 2026 жылғы 12 наурыз – ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 70-ші сессиясы шеңберінде бірқатар қосымша іс-шараларға қатысты.
Мерейтойлық сессия аясында ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігі Бразилия, Шығыс Тимор, Мальдив және Уругвайдың дипломатиялық миссияларымен бірлесіп «БҰҰ-әйелдер» Атқарушы директоры Сима Бахустың қатысуымен «Барлық әйелдер мен қыздар үшін гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін орнықты қаржыландыруды жеделдету жолдары» тақырыбында іс-шара өткізді.
Сессия барысында БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық әріптестер орнықты қаржыландыруды жұмылдыру және гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған инвестициялық құралдарды дамыту мәселелерін талқылады.
«Сот төрелігінің болашағы: әйелдердің сот төрелігіне қол жеткізуінің технологиялық жолдары» атты сайд-ивентте қазақстандық делегация әйелдердің құқықтық қорғау тетіктеріне қауіпсіз және тиімді қол жеткізуін кеңейтудегі цифрлық технологиялардың әлеуетін атап өтті. Дербес деректерді қорғау мәселелеріне, технологияларды қолданудың этикалық аспектілеріне, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және осы саладағы ұлттық тәжірибемен алмасуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігі БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен және Даму бағдарламасымен бірлесіп «Энергетикалық ауысу жағдайында сот төрелігіне қол жеткізу: Қазақстандағы және басқа елдердегі аса маңызды минералдар секторындағы гендерлік бағдарланған басқару» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды. ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова мен БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасы Әкімшінің көмекшісі және Еуропа мен ТМД үшін өңірлік бюросының директоры Ивана Живкович құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараға қатысушылар гендерлік өлшемді табиғи ресурстарды басқаруға біріктірудің, сондай-ақ энергетикалық ауысу жағдайында әйелдер мен жергілікті қауымдастықтар үшін сот төрелігіне тиімді қол жеткізуді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1180014?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау