15 наурыз – Қайырымдылық күні: Астанада ондаған игі іс-шара өтеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада 15 наурыз күні «Наурызнаманың» онкүндігі аясында Қайырымдылық күні атап өтіледі. Бұл күні елордада мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және өзара көмектесу дәстүрін дамытуға бағытталған бірқатар әлеуметтік әрі қайырымдылық іс-шаралар жоспарланып отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қалада «Қайырымдылық марафонв» акциясы өтеді. Оның аясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға азық-түлік себеттері таратылады.

Қайырымдылық бастамасын Астана қаласының әкімдігі YDA GROUP көпсалалы өндірістік компаниясымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Акция барысында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға 250 азық-түлік жиынтығы үлестіріледі.

Әрбір жиынтықтың салмағы шамамен 25 келіні құрайды. Оның құрамына негізгі азық-түлік өнімдері – күріш, қарақұмық, ұн, макарон, өсімдік майы, қант және шай кіреді.

Сонымен қатар «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенділері «Тазалық эстафетасы» атты әлеуметтік акция өткізеді. Волонтерлер жеке секторда тұратын жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып, олардың ауласы мен үй маңын қардан тазартуға көмектеседі.

Бұдан бөлек, елорда кәсіпкерлері «Он игі іс» атты қайырымдылық бастамасын қолға алады. Navat мейрамханасында курьерлер мен коммуналдық қызметкерлерге палау таратылса, Астана халықаралық әуежайында шетелдік туристерге қонақжайлық белгісі ретінде қазақстандық шоколад ұсынылады.

15 наурыз күні сағат 13:00-де Сарайшық ауданы аумағында елордалық волонтерлердің қатысуымен тағы бір қайырымдылық акциясы өтеді.

Оның барысында еріктілер коммуналдық қызметкерлерге тәтті-дәмді ұсынып, бір сағат бой аумақты тазалауға көмектеседі. Бұл акция қала тазалығына күн сайын үлес қосып жүрген қызметкерлерге алғыс білдіру мақсатында ұйымдастырылады.

Айта кетейік, көктемнің басты мерекесі – Наурыз қарсаңында Астанада 200-ден астам түрлі іс-шара мен акция өткізіліп жатыр. Дәстүр бойынша «Наурызнама» онкүндігінің әр күні ұлттық құндылықтарға негізделген белгілі бір тақырыпқа арналады.

Сонымен қатар 15 наурыз күні елордада «Nauryz Sale» атты ауқымды азық-түлік жәрмеңкелері жалғасады.

Жәрмеңкелерде Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдерін, шұжық, ұн, жарма, нан-тоқаш өнімдерін, табиғи шырындар, тосап, бал және басқа да азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып ала алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1181194?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version