Астана қаласындағы Достық үйі ғимаратында Көрісу күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің мүшелері, қалалық Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ жастар қатысты.
Қатысушылар қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін таныстырып, бір-бірін көктемнің келуімен құттықтады. Мерекеде түрлі ұлттың әні мен биі орындалды. Жастар аға буын өкілдеріне құрмет көрсетті, ал ақсақалдар оларға ақ батасын берді.
Қазақстан халқы ассамблеясының Астана қалалық филиалы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Таңірбергенова шараның басты мақсаты балаларға қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыру екенін атап өтті.
«Іс-шараға әртүрлі ұлт өкілдерінен шыққан көптеген балалар қатысты. Басты мақсатымыз – оларға қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін кеңінен таныстыру. Біздің бастамамызды жеті мәдени орталық пен Сервис және туризм колледжі қолдады. Қатысушылар ән айтып, би билеп, ұлттық тағамдар ұсынды. Осындай кездесулер Қазақстанда тұратын түрлі халықтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын тереңірек тануға мүмкіндік береді», – деді ол.
Айта кетейік, «Наурызнама» мерекелік онкүндігі аясында елордада 200-ден астам түрлі іс-шара өткізіліп жатыр. Дәстүр бойынша әр күн ұлттық құндылықтарды насихаттайтын белгілі бір тақырыпқа арналады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1181212?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау