М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Мұрат Наурызғалиұлын ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Тағылымды басқосуға университет профессор-оқытушылар құрамы, зиялы қауым өкілдері, шәкірттері мен қонақтар қатысты. Ғалымның отандық ғылым мен білім саласындағы көпжылдық еңбегі, батыс өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі айрықша үлесі кеңінен атап өтілді.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев қатысып, мерейтой иесіне аудан әкімі атынан арнайы құттықтау хатын табыс етті. Құттықтау сөзінде Мұрат Наурызғалиұлының саналы ғұмырын ел тарихын зерделеу мен жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнаған көрнекті ғалым екені айтылып, оның ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметі жоғары бағаланды.
Аудан әкімінің құттықтауында батыс аймақтың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу жолындағы еңбектеріне ерекше тоқталып, археологиялық қазба жұмыстары барысында ғылымға тың жаңалық әкелген «Тақсай ханшайымы» атанған Алтын әйел қорғаны мен «Жайық қалашығының» ашылуы отандық тарих ғылымына қосылған зор үлес екені атап өтілді. Сондай-ақ, ғалымның жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыда зерттегені, жүзден астам ғылыми еңбек пен іргелі монографиялардың авторы екені, оның еңбектерінің кейінгі буын ғалымдар мен жастар үшін тағылымды үлгі екені тілге тиек етілді.
Сонымен қатар, Мұрат Наурызғалиұлы Жалпақтал қалашығының ашылуына да елеулі үлес қосты. Ғалым алдағы уақытта аталған тарихи нысанды зерттеу жұмыстарын жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1180584?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау