15 наурыз күні Нұра ауданында Наурыз мейрамының онкүндігі аясында екінші күн – Қайырымдылық күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мереке аудан орталығындағы Жастар алаңында өтті.
Аталған іс-шара барысында алаңға ұлттық нақышта киіз үй тігіліп, білім беру саласының ұжымдары мерекелік дастархан жайды. Дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, жиналған тұрғындар мен қонақтарға қазақ халқының қонақжай дәстүрі кеңінен таныстырылды.
Мерекелік шарада аудан мектептерінің мұғалімдері Наурыз мейрамына арналған әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздары қазақ халқының дәстүрлері – «Тұсау кесу» және «Қыз ұзату» салт-дәстүрлерін сахналық қойылым арқылы көрсетті. Қойылымдар көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Көпшілік бұл көріністерді тамашалай отырып, өздерін дәл осындай дәстүрлі отбасылық мерекенің ортасында отырғандай сезінді.
Сонымен қатар киіз үй ішінде заманауи технологияларды таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылды. Көрмеде жасанды интеллект көмегімен жасалған жұмыстар ұсынылып, суреттерді анимациялау арқылы дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Бұдан бөлек, ұлттық би – «Қара жорға» биін билейтін робот үлгісі де көпшілік назарына ұсынылып, көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Аталған мерекелік іс-шара ұлттық құндылықтарды насихаттаумен қатар, дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімін көрсеткен тағылымды шараға айналды. Наурыз мейрамының онкүндігі аясындағы мұндай іс-шаралар аудан тұрғындарын бірлік пен мейірімділікке үндеп, мерекелік көңіл-күй сыйлауда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/1181467?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау