Ағымдағы жылдың 12 наурызы күні 2026 жылғы
15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық шеңберінде саяси партиялар, коммерциялық емес ұйымдар және сайлау процесінің басқа да қатысушыларына арналған оқыту-семинары өткізілді. Іс-шара Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжінің мәжіліс залында өтті.
Оқыту-семинары Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының «2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумның қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы» 2026 жылғы
12 ақпандағы №6/15 қаулысын орындау аясында өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты – референдум өткізу кезінде заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ референдум процесіне қатысатын ұйымдар мен азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру болды.
Іс-шараға Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының толық құрамы, облыстық прокуратураның өкілі, Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкері, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, облыстық, қалалық және аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинар жұмысын облыстық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларға республикалық референдумның маңызы мен оның демократиялық қоғамдағы рөлі туралы кеңінен тоқталды.
Ол өз сөзінде референдум – халықтың мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша тікелей ерік білдіруінің маңызды құралы екенін атап өтті.
Референдум – еліміздегі демократиялық институттардың бірі. Сондықтан оны ұйымдастыру мен өткізу барысында заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы, барлық қатысушылардың құқықтарының сақталуы аса маңызды. Бүгінгі семинардың мақсаты – осы талаптарды түсіндіру, тәжірибелік мәселелер бойынша пікір алмасу және референдум процесіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, – деді Серғали Айдапкелов.
Семинар бағдарламасына сәйкес, бірқатар мазмұнды ақпараттар тыңдалды. Алғашқы болып сөз алған облыстық прокуратураның өкілі «Заңдармен жүктелген өкілеттіктер шеңберінде прокуратура органдарының референдумның заңдылығын қамтамасыз етудегі рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол референдум барысында заң талаптарының сақталуын қадағалау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында прокуратура органдарының атқаратын қызметтері туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, заңнаманы бұзған жағдайда қарастырылатын жауапкершілік түрлеріне де тоқталды.
Келесі баяндама Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкеріне берілді. Ол «Республикалық референдумды дайындау және өткізу кезінде ішкі істер органдарының дауыс беруді өткізу, қоғамдық тәртіп пен сайлау бостандығын қамтамасыз ету және сайлау комиссияларының қызметіне көмек көрсету мәселелері туралы» тақырыбында сөз сөйледі. Баяндамашы референдум күні дауыс беру учаскелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың еркін дауыс беруіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының сайлау комиссияларымен өзара іс-қимылы туралы ақпарат берді.
Семинар барысында облыстық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов «Республикалық референдум қарсаңындағы үгіт жүргізу тәртібі» және «Референдум өткізу барысында байқаушылардың, саяси партиялар мен коммерциялық емес ұйымдардың рөлі» тақырыптарында кеңінен баяндама жасады. Ол үгіт-насихат жұмыстарының заң аясында жүргізілуі, байқаушылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының референдум процесіндегі маңызы туралы түсіндірді.
Семинардың ерекшелігі ретінде қатысушылардың білімін интерактивті түрде тексеруге арналған арнайы бөлім ұйымдастырылды. «Кахут» бағдарламасы арқылы телешоу стилінде викториналық сұрақтар қойылып, қатысушылар референдумға қатысты заңнамалық нормалар бойынша білімдерін сынады.
Іс-шара соңында семинарға қатысқан барлық тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Қатысушылар ұйымдастырылған оқыту-семинарының маңыздылығын атап өтіп, мұндай кездесулер құқықтық мәдениетті арттыруға және референдум процесін ашық әрі заң талаптарына сай өткізуге үлкен ықпал ететінін жеткізді.
Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1180409?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау