Әділетті Қазақстанның жаңа дәуірі: Халық Конституциясы – ел болашағының темірқазығы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақордада өткен тарихи жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның мәні мен маңызын айқындап, оны ел дамуының жаңа кезеңін бастайтын стратегиялық құжат ретінде бағалады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің айтуынша, Халық Конституциясы – бұл стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақсаттарға бастайтын жаңа қоғамдық келісім. Осы арқылы Қазақстан дамудың жаңа белесіне қадам басты. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара ықпалдастық жаңа деңгейде жаңғыруы тиіс екені атап өтілді.

Мемлекет басшысы гуманистік құндылықтарға ерекше тоқталып, бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша рақымшылық жариялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Әсіресе, әкімшілік істер бойынша рақымшылықтың алғаш рет енгізілуі – қоғамда әділеттілік пен ізгілікті нығайтудың нақты көрінісі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны халықтың бірлігі мен ынтымағының жарқын символы ретінде атап өтті. Оның әрбір нормасында қазақстандықтардың арман-мақсаты, болашаққа деген сенімі көрініс тапқан. Ата заң енді әр азамат үшін басты бағдарға айналып, елдің өркениетті даму жолындағы берік негізі болады.

Президент жаңа Конституцияны қабылдау ұлт сапасының жаңа деңгейге көтерілгенін білдіретінін айтты. Оның сөзінше, бұл – кемел қоғамның айқын белгісі. Жаңа Ата заң егемендіктің тұғырына айналып, Тәуелсіздікті нығайтуға қызмет етеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әділдік қағидаты Конституцияның өзегіне айналғанын атап өтіп, оны «Әділетті Қазақстанның төлқұжаты» деп атауға болатынын жеткізді. Президент ретінде ол Конституция талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға адал қызмет етуге серт беріп, Қазақстанның мәңгілік дамуы мен өркендеуіне сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1183253?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version