Бүгін Нағи Ілиясов ауылында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Наурызнама онкүнгінің «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты ауылдық клуб және мәдениет үйлері арасындағы аудандық фестиваль өтті. Мерекелік шараға ардагер әкелер мен ақ жаулықты аналар және ауыл тұрғындары қатысты.
Фестиваль басында аудан басшысы мәдениет үйінің фойесіндегі «Қолөнер – халқымыздың асыл мұрасы» атты қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесімен танысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің салт-дәстүріміз – халқымыздың рухани мұрасы. Оны сақтау және дамыту – елдігімізді нығайтудың маңызды шарты» деп атап көрсетті. Президент айтқандай, біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз – халықтың өмір сүру салтының, дүниетанымының, тәрбиесінің айқын көрінісі. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық, ынтымақ пен бірлікке негізделген дәстүрлеріміз қоғамымыздың берекесін арттырып келеді. Салт-дәстүрді сақтау – тек өткенді құрметтеу ғана емес, ол – болашаққа бағдар. Өскелең ұрпақ ата-баба мұрасын танып, ұлттық мәдениетке құрметпен қарағанда ғана елдің рухы биік болады. Жастарды ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуге, мәдени мұрамызды дәріптеуге тәрбиелеу – баршамыздың басты міндетіміз. Мәдениет – халықтың рухани тірегі. Ол елдің өткені мен бүгінін жалғап, болашаққа бағыт-бағдар береді. Театр, музыка, әдебиет, ұлттық өнер мен қолөнер – бәрі де халқымыздың бай рухани әлемін танытатын асыл мұралар. Осындай құндылықтарды сақтау, дамыту және кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Кеше ғана елімізде республикалық референдум өтті. Саяси науқанда халқымыз жаңа Ата Заң жобасын қолдайтындарын білдірді. Оның ішінде, Сыр елі халқы бұл жолы да ауызбірлік танытып, республикада ең жоғары нәтиже көрсетті. Бұл – аймақ халқының бекем бірлігінің айқын көрінісі. Референдумда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақтың үлгісін көрсеткен Сіздерге аймақ басшысы Өзінің шынайы ризашылығын жеткізді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Фестиваль барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпының мәнін ұғындыратын қойылымдар сахналанып, жиналған жұртшылыққа ерекше рухани әсер сыйлады. Атап айтқанда, «Ақ босаға» тобы «Белгі салу» рәсімін, «Шаңырақ» тобы «Ұрын бару» рәсімін, «Қазына» тобы «Тыйым салу» рәсімін, «Ақ әжелер» тобы «Өңір салу» салтын сахналық қойылым арқылы қалың көрерменге жеткізе білді.
Мерекелі іс-шара қорытындысында барлық топ аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1182966?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау