Талдықорған қаласында Наурызнама онкүндігінің «Шаңырақ күні» аясында «Отбасы – қоғам тірегі» атты іс-шара өтті. «Jetisy jastary» КММ ұйымдастырған салтанатты жиында төрт жұп некелерін қиды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік шарадағы ақсақалдардың бата беру рәсімін ерекше атауға болады. Қариялар жас жұбайларға отбасылық өмірдегі сыйластық, төзімділік пен өзара қолдаудың маңыздылығын айтып, ақ тілектерін білдірді. «Отбасы әрқашан біздің қоғамның негізі болып келген және солай болып қала береді. Бір-біріңді қадірлеңдер, сыйлаңдар және әрдайым қолдаңдар, сонда ғана одақтарың берік болады», — деді ақсақал.
Ұйымдастырушылар жас қалыңдықтар мен күйеу жігіттерді құттықтап, оларға естелік сыйлықтар табыс етті. Салтанат сарайында жас шаңырақ иелеріне жылы лебіздер айтылды.
Жас жұбайлар да мерекелік көңіл күйде әсерін бөлісті. Ақжан Наурызбеков пен Жанель Серік өзара таныстықтарының бір жыл бұрын басталғанын, ал Наурыз мерекесі қарсаңында шаңырақ көтеруді ұйғарғандарын айтты.
– Бүгін – біз үшін өте маңызды күн. Жаңару мен бірлік мерекесінде үлкендердің батасын алғанымызды жақсыға балап отырмыз. Бұл біздің қол ұстасып, бастаған жаңа өмірімізге берік сенім мен ерекше шабыт береді. Отбасы — бұл тек махаббат қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік екенін түсінеміз. Қолдауларыңыз бен жылы лебіздеріңізге рахмет, — деді олар.
«Jetisy jastary» КММ өкілдері мұндай кездесулердің жастар тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтті:
– Бүгінгі өткізген іс-шарамыздың басты мақсаты – жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы институтының маңыздылығын нығайту, жас жұбайларға рухани-мәдени бағдар беру. Біздің міндетіміз — ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылықтарды ұрпақтың есіне салу. Отбасы – бұл мемлекеттің негізі, сондықтан жастар бірлесіп жаңа өмір бастап жатқанда оларға қолдау көрсету қажет, – деді «Jetisy jastary» КММ директоры Шамиль Ванкеев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1183555?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау