Қазақстан мен Италия Жаңаөзенде гибридті электр стансасын іске қосады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшылары деңгейінде қабылданған бірлескен бастамалардың жүзеге асырылу барысы талқыланып, алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды.
Министрдің айтуынша, Италия Қазақстан үшін сенімді серіктес болып қала береді. Қазір екі ел арасындағы диалог нақты индустриялық жобаларға ұласып отыр.
Кездесуде ресурстық базаны кеңейтуге де ерекше мән берілді. 2026 жылдың қаңтарында QazaqGaz және Eni компаниялары Каспий маңы бассейніндегі «Каменковский» учаскесін зерттеудің практикалық кезеңіне кірісті. Сонымен қатар «Оңтүстік Шу-Сарысу» және «Береке» учаскелері бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Қашаған мен Қарашығанақтағы ынтымақтастықтан бөлек, мұнай-газ химия саласын дамытуға да назар аударылып отыр. «Полиэтилен» жобасы аясында италиялық Maire Tecnimont компаниясы басқаратын консорциум полимерлеу қондырғысы мен газды бөлу кешенінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастады.
Энергетикалық трансформация бағытында Жаңаөзенде Eni компаниясымен бірге қуаты 247 МВт болатын гибридті электр стансасы салынып жатыр. Бұл нысан күн, жел және газ энергиясын бір жүйеде пайдаланады. Алғашқы нәтиже де бар: 2025 жылдың қыркүйегінде 80 мың күн панелі орнатылған станса іске қосылып, таза электр өндіре бастады. 2026 жылдың соңына дейін газ және жел қондырғылары да қолданысқа беріледі. Бұл Маңғыстау облысындағы мұнай-газ нысандарының, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» және ҚазГӨЗ кәсіпорындарының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Дәстүрлі энергетика саласында Ansaldo Energia компаниясымен серіктестік аясында Алматы ЖЭО-3-те жаңа газ турбиналары орнатылуда. Қажетті жабдық биыл қаңтарда станса алаңына жеткізілді.
Кездесу қорытындысында Қазақстан тарапы еліміздің отын-энергетика кешенін дамыту жобаларына италиялық компанияларды тартуға дайын екенін білдірді. Бұл қадам елдің энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1182611?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version