Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде өңірлік электр желілік компанияларының және «KEGOC» АҚ магистральдық электр желілері филиалдарының басшыларын тыңдау отырыстары өткізілді.
Тыңдаулар барысында ағымдағы жылыту маусымының өтуі, энергетикалық кәсіпорындардың су тасқыны кезеңіне дайындығы, алдағы жөндеу науқанын өткізу жоспарлары және келесі жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды.
Энергетикалық ұйымдардың басшылары электр желілік кешен нысандарының қазіргі жағдайы, су тасқыны кезеңіне дайындықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар және жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы баяндады.
Капиталдық жөндеу жұмыстарын орындау, инвестициялық бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы іс-шараларды орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Биыл елдің электр желілік кешенінде 17,1 мың км электр беру желілеріне, 444 жоғары кернеулі қосалқы станцияға және 3408 тарату трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Бұл іс-шаралар тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, технологиялық тәуекелдерді төмендетуге және күзгі-қысқы кезеңнен тұрақты өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша электр желілерінің тозу деңгейінің төмендеуінде оң динамикаға қол жеткізілді – 2024 жылғы 67,03%-дан 2025 жылы 66,17%-ға дейін төмендеді. Бұл электр желілік инфрақұрылымды жаңарту мен жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Энергетикалық кәсіпорындарға алдағы су тасқыны кезеңіне байланысты нормативтік авариялық материалдар қорына ревизия жүргізу, жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы орындау, электр желілік кешен нысандарын жаңғырту жөніндегі іс-шараларды іске асыру тапсырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1182757?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау