Қызылорда қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында қала аумағында дрондарды қолдануда.
Бүгінгі күні құқық қорғау жүйесін цифрландыру маңызды бағыттардың бірі. Полиция дер кезінде құқықбұзушылықтардың алдын алуға баса мән бере отырып, ұшқышсыз технологияларды белсенді түрде енгізуде.
Дрондар жаппай іс-шараларды бақылауға, жедел жағдайға мониторинг жүргізуге және құқықбұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттары стратегиялық нысандарды күзету үшін, заңсыз кіру фактілерін тіркеу мақсатында да пайдаланылады.
Жеке бағыттардың бірі – экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтау. Атап айтқанда дрондардың көмегімен қоқысты заңсыз төгу, ағаштарды заңсыз кесу, қалдықтарды төгу және браконьерлік фактілері тіркеледі.
Ұшқышсыз технологиялар іздестіру-құтқару іс-шараларын жүргізу кезінде де белсенді түрде қолданылады.
Заманауи технологиялардың көмегімен жол қозғалысы қағидаларын бұзу, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі, сондай-ақ басқа да құқықбұзушылықтар анықталып, барлық фактілер бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдануда.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Жаяу жүргіншілер жолды тек арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы өтуі тиіс.
🚨 Ескерту: жаяу жүргінші белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Әрқайсымыз жол мәдениетін сақтап, өзіміздің және өзгелердің қауіпсіздігіне бейжай қарамайық.
Жолдағы тәртіп – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігінің кепілі!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1182637?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау