Сүтті өңдеуді жергілікті деңгейде дамыту Шығыс Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Сондықтан өңірде бұл бағытта аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Бүгінде Өскемен қаласында заманауи сүт өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде.
Кәсіпорын тәулігіне 200 тоннаға дейін, жылына шамамен 73 мың тонна сүт өңдеуге қауқарлы болмақ. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 5 млрд теңгені құрайды. Мұнда 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Зауытта сүт өнімдерінің кең түрі – қышқыл сүт өнімдері, сүзбе, түрлі ірімшіктер, йогурт пен қаймақ өндірілмек. Жоғары технологиялар мен автоматтандырылған жүйелер өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, облыс көлемінде жаңа кәсіпорындар да пайдалануға берілуде. Солардың бірі – Шемонаиха қаласындағы «Сивер Плюс» ЖШС-нің сүт өңдеу зауыты. Заманауи жабдықтармен қамтылған кәсіпорын «Nastole» брендімен кефир, сүзбе, сүт және қаймақ шығарады. Кәсіпорын жергілікті шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатып, шикізатпен қамтамасыз етіліп келеді. Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне 6 тоннаға дейін сүт өңдеп отыр.
Айта кетейік, өңірде сүт өнімдерін жергілікті жерде өндіруді ұлғайту бастамалары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге де қосымша серпін беріп отыр.
Фотосуретте: облыс орталығында салынып жатқан сүт өңдеу зауыты; Шемонаихадағы «Сивер плюс» сүт өңдеу кәсіпорны.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1182977?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау