Алматы қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрі Акмарал Әлназарованың қатысуымен Қазақстан онкологтары мен радиологтарының X Халықаралық съезі өтті. Бұл – онкология, радиология және ядролық медицина саласындағы өңірдегі ең ірі кәсіби алаңдардың бірі.
Форумды Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Іс-шара онкологиялық аурулардың профилактикасы, ерте диагностикалау және емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауға арналды.
Съезд жұмысына 1400-ден астам маман қатысты, оның ішінде 470 делегат офлайн форматта қатысса, 985 сарапшы онлайн режимде қосылды. Олардың қатарында АҚШ, Германия, Италия, Қытай, Ресей, Түркия, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ елдерінен келген 150 шетелдік сарапшы бар.
«Қазақстанда онкологиялық қызметті дамыту бойынша ауқымды шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда: инфрақұрылым жаңғыртылып, жаңа клиникалар салынуда және жоғары технологиялық жабдықтар енгізілуде. Соңғы бес жылда онкологиялық көмекке бөлінетін қаржы көлемі үш еседен астам артты.
Бұл халықтың диагностикаға қолжетімділігін кеңейтуге және пациенттерді заманауи таргеттік және иммуноонкологиялық препараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сәулелік және протондық терапияны, ядролық медицина технологияларын және жасанды интеллектті енгізудің арқасында онкологиялық аурулардан болатын өлім 14%-ға төмендеді, ал бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65%-ға дейін жетті», – деп атап өтті форумның ашылуында А. Әлназарова.
Съездің ғылыми бағдарламасы шеңберінде дербестендірілген терапия мәселелеріне, жоғары технологиялық хирургиялық әдістерді енгізуге және онкологиялық көмекті ұйымдастыруды жетілдіруге ерекше назар аударылуда.
Сонымен қатар съезд алаңында өкпе обырын емдеудің эволюциясы, сүт безі обырын емдеудің мультимодальдық стратегиялары, интервенциялық және эндоскопиялық технологияларды дамыту мәселелеріне арналған мамандандырылған секциялар өтуде.
Талқылаулардың жеке блогы ядролық медицинаны дамытуға және емдеу дәлдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатын 4D-сәулелік терапияны енгізуге арналды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда.
Осы бағдарламаның шеңберінде Астанадағы жаңа онкоорталықтың базасында Протондық терапия орталығы ашылды, Қызылорда және Ақтау қалаларында екі жаңа ПЭТ/КТ орталығы пайдалануға берілді. Барлық өңірлерде сараптамалық эндоскопиялық орталықтар ашылып, өткен жылы онда 15 мыңнан астам зерттеу жүргізілді.
Жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және колоректальдық обырды анықтауға арналған ұлттық скринингтік бағдарламалар ауруларды ерте кезеңде анықтау үлесін 34,6%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 16%-ға өсті, сәулелік терапиямен қамту деңгейі 13%-ға артты, ал ерте диагностика көрсеткіші 4%-ға ұлғайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1181941?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау