«Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешенінде референдум қорытындыларына және басты көктем мерекесі Наурыз мейрамына арналған «Халық таңдауы – жарқын болашақ» флеш-фестивалі өтті. Фестиваль қонақтарын облыс әкімі Марат Ахметжанов қарсы алды. Ол елде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, Конституцияны халық бірлігінің символы ретінде ерекше атап өтті.
«Биыл Наурыз мерекесі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірімен тұспа-тұс келді. Бұл – халқымыздың болашағын айқындайтын, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға және әділ, тұрақты қоғам қалыптастыруға бағытталған тарихи кезең.
Тұрғындарымыздың басым көпшілігі жаңа Конституцияны қолдады. Бұл – ақмолалықтардың ел тағдырына бейжай қарамай, жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын көрсететін маңызды көрсеткіш. Өңір тұрғындары жоғары саяси мәдениет танытып, бірлік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін тағы да көрсетті», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Іс-шара барысында бірқатар ақмолалықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. І дәрежелі «Барыс» орденімен мемлекеттік және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, «Құрмет» орденімен Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов марапатталды. Әртүрлі сала өкілдері өңірдің дамуына қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен наградталды.
Спорт кешенінің фойесінде сәндік-қолданбалы өнер көрмесі мен ұлттық киім дизайнерлерінің жұмыстары таныстырылды. Бағдарламаның негізгі бөлігі жалпы ұзындығы шамамен 800 метрді құрайтын сырмақтар көрмесі болды. Мұнда XIX ғасырдың көне бұйымдары мен жас шеберлердің заманауи жұмыстары ұсынылды.
Шебер Мина Әбдікерқызы фестивальге Целиноград ауданының Қоянды ауылынан келіп, ұлттық қолөнердің қалай дамып жатқанын көрсетті. Оның айтуынша, сырмақ жасау құпиялары ата-бабалар дәстүрін және ұлттық болмысты сақтау үшін ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.
Ұлттық мерекенің атмосферасын Ақмола облысының түрлі аудандарынан келген фольклорлық ансамбльдердің халық әндері мен күйлерді орындауы толықтыра түсті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1184542?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау