Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай «Заң мен тәртіп» республикалық идеологиясы және «Құқықбұзушылықсыз мектеп» қалалық жобасы аясында «Дәстүр мен сән үрдісі» атты аймақтық фестиваль өтті. Іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақ халқының бай мәдени мұрасын жаңаша қырынан танытуға бағытталды.
Фестивальге Ақсу қаласы мен өңіріндегі 22 мектептің оқушылары, ата-аналар мен мұғалімдер қатысып, жалпы 500-ден астам адам қамтылды. Қатысушылар ұлттық киім үлгілерін ұсынып, дәстүр мен заманауи сәннің үйлесімін шығармашылық тұрғыда көрсете білді. Әрбір көрсетілімде ұлттық нақыш, талғам мен жаңашылдық айқын көрініс тапты.
Шара барысында көрермендер тек сән көрсетілімін тамашалап қана қоймай, ұлттық болмыстың терең мәнін сезініп, дәстүрдің бүгінгі күнмен үндескенін аңғарды. Бұл фестиваль жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды сақтаудың маңызын айқындай түсті.
Фестиваль қорытындысы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ орта мектебі, Қызылжар, Қалқаман және Үштерек мектептері жүлделі І орындарға ие болып, грамоталар мен кубоктармен марапатталды.
«Дәстүр мен сән үрдісі» фестивалі – ұлттық мұраны дәріптеп қана қоймай, оны заман талабымен ұштастыра білетін жас ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын көрсеткен тағылымды шара болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1183925?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау