Астанада Digital Nauryz 2026 аясында дрон-футболдан турнир өтті. Бұл – спортты, инженерлік ойлауды және командалық стратегияны біріктіретін жаңа технологиялық бағыт.
Турнир «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында Астана қаласының әкімдігі, «Астана Innovations» АҚ және Қазақстанның дрон-футбол қауымдастығы (KDSA) тарапынан ұйымдастырылды.
Жарысқа 12 мен 17 жас аралығындағы, STEM бағыттары, робототехника және дрон басқарумен айналысатын мектеп оқушыларынан құралған елордалық 5 команда қатысты. Турнир көрермендер үшін тартымды шара ғана емес, сонымен қатар жастар арасында инженерлік және технологиялық дағдыларды насихаттайтын алаңға айналды.
Жарыс Drone Soccer форматында арнайы спорттық дрондарды пайдалану арқылы өтті. Әр дрон шамамен 20 сантиметрлік берік шар тәрізді қорғаныс қаптамасына орналастырылған квадрокоптерден тұрады. Бұл ойын барысында дрондардың бір-бірімен және алаң элементтерімен соқтығысуы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Дрондар қашықтан басқару пульті арқылы басқарылады. Командалардың негізгі міндеті – дронды қарсылас қақпасының сақинасынан өткізу.
Дрон-футбол киберспорт, инженерия және командалық жұмыстың элементтерін біріктіріп, оқушылардың қолданбалы дағдыларын дамытады және технологияларға деген тұрақты қызығушылығын қалыптастырады. Бүгінде бұл бағыт жасөспірімдерді STEM ортасына қызықты әрі түсінікті жарыс форматы арқылы тартатын заманауи білім беру құралы ретінде кеңінен танылып келеді.
«Мұндай жобаларды қолдау қала үшін стратегиялық маңызға ие. Қазіргі инновациялық орта тек инфрақұрылым мен цифрлық шешімдер арқылы ғана емес, жастарды ерте жастан технологияға тарту арқылы қалыптасады. Дрон-футбол – жарыс форматы арқылы инженерлік ойлауды, STEM бағыттарына қызығушылықты және командалық өзара әрекет дағдыларын дамытудың нақты үлгісі. Осындай бастамалар болашақта жаңа технологиялық шешімдерді жасайтын әрі енгізетін буынды даярлауға негіз қалайды», – деді «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.
Көрермендер үшін де интерактивті бағдарлама ұйымдастырылды. Оның аясында Наурызай мен Наурызбай атты AI-аватарлар қонақтарға Наурыз дәстүрлері мен мерекелік бағдарлама туралы ақпарат берді, ал робот келушілерді сүйемелдеп, шараның ерекше атмосферасын қалыптастырды.
«Дрон-футбол – спортты, технологияны және білімді біріктіретін бірегей бағыт. Мұндай жарыстар арқылы оқушылар дрон басқаруды ғана емес, инженерия, электроника және командалық жұмыс бойынша практикалық дағдыларды меңгереді. Біздің мақсатымыз – заманауи технологиялардың Қазақстан жастары үшін қолжетімді әрі қызықты оқу құралы бола алатынын көрсету», – деді KDSA президенті Әлихан Рыспай.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды, ал қатысушыларға іс-шара серіктестерінен брендтік сыйлықтар табысталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1184283?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау