Бүгін, 18 наурыз, «Ұлттық киім күні» мерекесіне орай, Көліктегі полиция департаментінің жедел уәкілдері, тергеушілері, анықтаушылары мен криминалистері, сондай-ақ кадр және баспасөз қызметінің мамандары жұмысқа ұлттық киіммен келді. Ер азаматтар – шапан, ал әйелдер қауымы – сәнді камзолдар киген. Нәзік жандылар таққан көзжауын алатын білезік-сырғалар ұлттық нақыштағы киімдерге қосымша рең береді. Бұл элементтер жай ғана әшекей емес, тарихи мәні бар, былайша айтқанда олардың әрбір ою-өрнегі тәлім-тәрбиеге бай мәдениетімізден сыр шертеді.
Басты мақсат – этникалық өзіндік ерекшелікті насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және игі дәстүрлерлерімізді одан әрі нығайту. Ізгілікті іс-шараға Департаменттің 27 полиция бөліністерінің қызметкерлері мен бүгінгі жас буынға бай тәжірибесін беріп, қызметтің озық дәстүрлерін дәріптеп жүрген ішкі істер органдарының ардагерлері де атсалысты.
«Бұл, ең алдымен, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұрасына деген зор құрметтің белгісі. Екіншіден, бұл жас қызметкерлерді патриотизм рухында және қазақи салт-дәстүрін ұлықтап, сыйлау білуге тәрбиелеудің негізі», — деді Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов.
Көліктегі ПД Ақпараттық саясат басқармасының бастығы Ляззат Қасымжанова тағылымға толы бұл мерекенің Департаментте жыл сайын атап өтілетінін, тіпті оның игі дәстүрге айналғанын айтты.
«Әсемдігімен көз тартатын ұлттық киімдеріміз біз үшін өте құнды, әрі әрқайсымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Мерейлі мерекеде барша әріптестеріме мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Абыз бабаларымыз бен аяулы аналарымыздан мирас болған киімдерімізге құрметпен қарап, ұлттық ерекшелігімізді әрқашан айшықтап жүрейік», — дейді ол.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1184525?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау