Көрісу күнін мерекелеу аясында Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері «Жас сақшылар» сыныбының оқушыларымен бірлесіп, ішкі істер органдарының ардагері — отставкадағы милиция полковнигі Қайырбаев Көпен Қарқынбайұлына арнайы барып, құрмет көрсетті.
Болашақ офицер 1949 жылғы 22 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының Успенка ауылында дүниеге келген. Сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы техникумға түсіп, оны 1968 жылы тәмамдаған. 1969–1971 жылдары әскерде мерзімді қызметін өтеп, қызметтен оралған соң, білімін ІІМ Қарағанды академиясында жалғастырған.
Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 1971 жылғы 17 маусымда бастады. 12 жылдан астам уақытын Марқакөлдегі тергеу жұмысына арнаған. Әр жылдары Асубұлақтағы милиция бөлімін басқарып, Тарбағатай және Ұлан аудандарында қызмет атқарған. Қызметін 1998 жылғы 10 тамызда Шығыс Қазақстан облысы ІІБ бастығының орынбасары лауазымында аяқтаған.
Бүгінгі таңда ардагер белсенді қоғамдық қызметін жалғастырып, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері ардагерді жұмыс орнында Көрісу күнімен құттықтап, көпжылдық қызметі мен кәсібіне деген адалдығы үшін ризашылықтарын жеткізіп алғыс хат табыстады.
«Жас сақшылар» сыныбының оқушылары оған құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі мен заңға адал қызмет етудің үлгісі болғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Ардагер жұбайымен бірге 50 жылдан астам уақыт жұптары жазылмай өмір сүріп, отбасында үш қыз тәрбиелеп өсірді.
Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығының және қоғамға қызмет етуге өмірін арнаған жандарға деген құрметтің маңызды көрінісіне айналды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1181703?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау