Маңғыстауда облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Наурызнама онкүндігі аясында «Ұлттық салт-дәстүр және мәдениет күніне» арналған тағылымды іс-шара өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Іс-шара аясында қазақ халқының бала дүниеге келген сәттен бастап орындалатын бірқатар дәстүрлері көрініс тапты. Атап айтқанда, жаңа туған сәбиге азан шақырып ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу секілді салттар таныстырылып, олардың мән-мағынасы түсіндірілді. Сонымен қатар «Ақ орамал жабу» акциясы ұйымдастырылып, аналарға қазақы дәстүрдің белгісі ретінде ақ орамал тағылды.

Мерекелік іс-шараға Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің төрағалары және мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары, сондай-ақ балабақша бүлдіршіндері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, мәдени мұраны кеңінен насихаттау.

Қазақ халқының бесікке салу дәстүрі көрсетіліп, сәбиді бесікке бөлеген аналар бесік жырын айтты. Бесік жырын «Ана әлдиі – 2025» байқауының І орын иегері Раушан Камелова орындады.

Сонымен қатар, облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Әлиханның тұсауы кесілді. Бүлдіршіннің тұсауын Маңғыстау облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов кесті.

-Бүгін Наурызнама аясында Қазақстан халқының салт-дәстүрі мен мәдениетіне арналған шара ұйымдастырылды. Мұндағы басты мақсат – болашақ ұрпаққа ата-бабадан қалған дәстүрлердің мәнін түсіндіру. Біз бұл дәстүрлерді көріп, біліп өстік. Ал жаһандану заманында жастар өз халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін білмесе, бағытынан адасуы мүмкін. Сондықтан мұндай іс-шаралар арқылы ұлттық құндылықтардың маңызы кеңінен түсіндіріледі, – деді Оңайбек Әбділов.

Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Амангүл Джайлханова бұл бастаманың ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңызына тоқталды.

-Биыл 13 наурыздан бастап елімізде Наурызнама онкүндігі өтіп жатыр. Бүгінгі күн қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне арналды. Іс-шараны көрісуден бастап, балаларды арнайы шақырдық. Негізгі мақсат – жас ұрпаққа ұлттық дәстүрлерді насихаттау. Сонымен қатар, біз бірнеше жылдан бері өткізіп келе жатқан «Ана әлдиі» жобасының жеңімпазы бесік жырын орындады. Биылғы тұсаукесер рәсімі балалар үйінің тәрбиеленушісі Әлиханға арналды. Біздің балалар ешқашан өздерін жалғыз сезінбеуі тиіс. Сондай-ақ, аналарға ақ орамал жабу акциясын өткіздік. Бұл – қазақ әйелдерінің қадірлі белгісі. Бұл жобаны біз Түркияның Газиантеп қаласында да таныстырып, түркі әлемінің аналарына насихаттадық, – деді Амангүл Джайлханова.

Жиын соңында балабақша бүлдіршіндері ән айтып, би билеп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1182797?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version